RU

Түркістан облысының шекараларына да блок-бекеттер қойылды

Түркістан облысында 18 наурыздан бастап Алматы және Қызылорда бағытындағы шекаралық аймақтарындағы "Сауран" және "Шақпақ" бекеттерінде короновирус дертіне байланысты тәулік бойы жұмыс істейтін блок-бекеттер қойылды. Полиция мен дәрігерлер әрбір көлікті тоқтатып, арнайы құрылғымен азаматтардың дене қызуларын өлшеп, тексерістен өткізуде деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі: Facebook

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, Шымкент-Самара тас жолының 208-шақырымындағы "Сауран" бекетінде коронавирустың облыс аумағына енбеуін қадағалау мақсатында арнайы блок-бекет тәулік бойы жұмыс істеуде. Бүгін таңғы 9:00 ден 13:00-ге дейін 200-ге жуық көлік тексеруден өткен.

Түркістан облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Бақтыораз Елемесов қазірге дейін дене қызуы көтерілген күдікті азаматтар анықталмағандығын жеткізді.

"Облыстың шекаралық аймақтарындағы "Сауран", "Шақпақ" бекеттерінде арнайы блок-бекеттер тәулік бойы кезекшілікте. Онда мамандар арнайы 3 перометрмен және қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. Құрылғы азаматтардың дене температурасын 2-3 секундта анықтайды. Қазірге дейін бекеттерде күдікті азаматтар анықталмады", – деді департамент өкілі.

Сонымен қатар, Шымкент-Алматы тас жолы бойындағы "Шақпақ" бекетінде де блок-бекет тәулік бойы кезекшілікте. Әр бекет тәулігіне 400-ге жуық көлікті тексерістен өткізуде.

Бұған дейін Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы блок бекеттерінде әскерилер қызметіне кіріскенін жазғанбыз.

Аталған екі мегаполис 19 наурыздан бастап коронавирусқа байланысты карантинге жабылды.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1846357-trkistan-oblysyny-sekaralaryna-da-blok-beketter-kojyldy.html