Шымкентте биіктігі 210 метр болатын алып мұнара құлайын деп тұр (фото)
Жарияланған күні:
Шымкентте кеңестік кезеңнен қалған алып мұнара құлайын деп тұр. Шымшахардағы ұмытылып қалған зауыт аумағында орналасқан мұнараны мамандар құлатуға қауқарсыз. Себебі, нысан банкке тиесілі деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
Биіктігі 210 метр, аумағы 30 метр болатын мұнара өткен ғасырдың 30 жылдарында салынған. "Алып мұнара құласа 2-3 балдық жер сілкінісінің әсерін береді"- дейді мамандар.
Ескі мұнара кейбіреулер үшін табыс көзіне айналған. Ортасы қалың сым темірмен бекітіліп, айналасы күйген кірпіштен өрілген көне мұнараны айналшықтайтындар арматураны кесіп алып кетуде. Сөйтіп мұнара қисайып, құлау алдында. Бала-шағаның нәпақасын осы мұнарадан айырып, металл кескіндерін сатушылар бұған бас қатырып жатқан жоқ. Олар биіктігі 70 қабаттық үймен парапар мұнараны түбінен тесіп тастаған.
Шымкент қалалық әкімдігінде осыған байланысты шұғыл жиын өтіпті. Тіпті кеңестік кезеңнің көзі көне мұнараны төтенше жағдай деп жариялау туралы шешім де шыққан. Бірақ бұза алмайды.
Себебі, зауыт қожайыны зауыт аумағын түгел банкке кепілге өткізіп жіберген. Қауіпті мұнараны құлатуға банк те қарсы емес көрінеді. Тек шығындарды өтесе болғаны. Шығынды тәуелсіз сарапшылар есеп те қойған.
"Комиссия акт түзді. Банкпен келісімге келдік. Мұнараны бұзу мәселесі де шешіледі деп отырмыз", - дейді Шымкент қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Мадияр Жақсыбаев.
NUR.KZ порталының WhatsApp нөмірі: 8 747 535 12 98
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1732467-symkentte-biiktigi-210-metr-bolatyn-alyp-mnara-klajyn-dep-tr-foto/