Әбу-Даби маңындағы өрт: Нұр-Сұлтанда жарықтың не үшін сөнгені белгілі болды
Жарияланған күні:
Нұр-Сұлтан әкімдігінде сол жағалаудағы бірқатар ауданның не себепті жарықсыз қалғанын айтып берді – барлығы Әбу-Даби Плаза құрылысы аумағындағы өрттен басталды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Түтіннің белгілері пайда бола бастаған соң біз қосалқы стансаны толығымен өшіруге шешім қабылдадық. Себебі сол сәтте автоматтардың іске қосылып, нысандардың өшуіне не себеп болғанын білмедік.
Кейіннен себебі анықталды – қосалқы стансадан 250 метр қашықтықта Сығанақ пен Ақмешіт көшелерінің қиылысындағы Әбу-Даби Плазаның бұрышында лотоктардағы кабель желісінде өрт шыққан.
60 метрге жуық кабель өртенген – жаппай жарықтың сөнуі осыған байланысты орын алды", – деп түсіндірді қалалық отын-энергетика кешені басқармасының басшысы Ернат Бәзіл.
Ол өрттің ауқымы кең болғанын, 60-70 метрге жуық кабелдің жанғанын жеткізді. Айтуынша, өртті сөндіру үшін түнгі уақытта бетон плиталар алынып, асфальтті кесуге тура келген.
Болжам бойынша, өрт қысқа тұйықталу әсерінен болған. Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр бастаған арнайы комиссия апаттың мән-жайын толық анықтайды.
Еске сала кетейік, Нұр-Сұлтан қаласы сол жағалауының бірнеше бөлігінде Байтеректен бастап Әбу-Даби Плазаға дейін, Ақордадан бастап Москва бизнес орталығына дейінгі аумақта жарық өшкені мәлім болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке арнайы комиссия құрып, кінәлілерді анықтауды тапсырды.
Ішкі істер министрлігі апатқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1826706-bu-dabi-mayndagy-rt-nr-sltanda-zarykty-ne-sin-sngeni-belgili-boldy/