Қорғаныс министрлігі: Жамбыл облысындағы жарылыс болған қоймада тарс еткен дыбыс естілді
Жарияланған күні:
Бүгін, 29 тамызда Жамбыл облысындағы жойқын жарылыс болған қоймада тарс еткен дыбыс естілді. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
"26 тамызда өрт шыққан инженерлік оқ-дәрі қоймасының аумағында, бүгін, 29 тамыз күні сағат 12.20 шамасында тарс еткен дыбыс естілді. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ, оқиға орнында адамдар болмаған. Себептері зерттелуде", - делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.
Еске салсақ, 26 тамыз күні кешкі уақытта Жамбыл облысының әскери бөліміндегі қоймалардың бірінде жарылыс болды.
Соңғы деректер бойынша, барлығы 13 адам қаза тауып, жүзге жуық адам жарақат алған.
Аталған қайғылы оқиғаға байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Еліміздің төтенше жағдайлар министрлігі қызметтік бабында жүрген кезінде ерлікпен қаза тапқан өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың фотосын жария етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы төтенше жағдай кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер мен азаматтық қорғау органдары қызметкерлерін ерлігі мен жанқиярлығы үшін марапаттау туралы қаулыға қол қойды.
Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Мейіржан Қақпасынұлы Аймановқа "Халық қаһарманы" атағы берілді.
Сол арада Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Жамбыл облысындағы оқиға эпицентрінде қайта жарылыс болуы мүмкін екенін ескертті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1929443-qorganys-ministrligi-zambyl-oblysyndagy-zarylys-bolgan-qoimada-tarsyl-tirkeldi/