Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Үлкен ұлын үйлендіруді армандап кетті": Жамбылда қаза тапқан полковниктің інісі жантебірентер естелік айтты

Опубликовано:

Жарылыстан көз жұмған өрт сөндірушілер
Жарылыстан көз жұмған өрт сөндірушілер: @den_kharlamov

Жамбыл облысындағы жарылыста ерлік көрсетіп, қаза тапқан Мейіржан Аймановқа президент жарлығымен "Халық қаһарманы" атағы берілді. Ал марқұмның інісі Өміржан ағасының өмірлік арманы мен бұл мамандықты не үшін таңдағанын және өрт кезінде қандай ерлік көрсеткетінін айтты. Бұл туралы Aibat_kz жаңалықтар қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

"Менің ағам өмірде өте белсенді болды. Түрлі іс-шараларға жиі қатысатын. Бала күнінен спортпен айналысты. Өзінің ұлдарын да спортқа берді. Артында бес баласы қалды. Үлкен ұлы 21 жаста, ҚБТУ-да грантпен оқиды. Ол осы тұңғышын үйлендіруді армандайтын. Ең кіші баласы 5 жаста. Қазір бәрінен бұрын қызына қиын болды. Ол әкесі келмейінше ұйқыға кетпейтін. Тіпті, біздің үйге келсе де қонбай, әкемнің қасына барамын дейтін. Анама да оңай тиген жоқ. Бізге де бұл қаза өте ауыр болды. Жүрегім қарс айырылады", - деді Өміржан.

Марқұмның бауырының айтуынша, Мейіржан Айманов өрт кезінде әріптестерін сыртқа алып шыққан.

"Ағам осы өрт сөндіру ісінің үздігі болды. 1999 жылдан бері осы қызметте жұмыс істеді. Анам да осы салада еңбек еткен, соның ізімен өрт сөндіру мамандығын таңдады. Ол өрт сөндіру кезінде өзінің бірнеше әріптесін сыртқа алып шыққан. Содан соң тағы да жарылыс болып, көз жұмды. Оның арманы көп еді. Анаммен тұратын үйді салып берді. Өзіне де, балаларына да үй салуды жоспарлап жүрген. Балаларын аяғына тұрғызып, жетілдіруді қатты ойлады. Бәрімізге қамқор жан еді. Қазір жан-жақтан оның әріптестері, достары көңіл айтып келіп жатыр. Ресейдегі әріптестері де қоңырау шалды. Осыған қарап, оның өмірде жақсы адам болғаны көрініп тұр", - деді Өміржан.

Айта кетелік, 26 тамызда Жамбыл облысындағы әскери қоймада болған жарылыс салдарынан 14 адамның көз жұмғаны хабарланды. Олардың қатарында азаматтық құтқару қызметінің полквонигі Мейіржан Айманов та бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1929463-ulken-ulyn-uilendirudi-armandap-ketti-zambylda-qaza-tapqan-polkovniktin-inisi-zantebirenter-estelik-aitty/

pixel