Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Асты қадірлеген халық едік": Алматыда тоналған дүкеннің қызметкері күйінішін жеткізді

Опубликовано:

тоналған дүкен
фото: жеке мұрағат

Қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде тонаушылар мен бүлікшілер қолынан талқандалған сауда орындары әлі күнге дейін толық қалпына келген жоқ. Халыққа танымал дүкенде қызмет ететін Мадина Серікбайқызы осыдан бір ай бұрынғы оқиға әлі де есінен кетпей жүргенін айтады. Тонаушылар тас-талқанын шығарған дүкенді қызметкерлер бастан-аяқ тазалап, толық жөндеуге жабылғанша басшылыққа көмектескен, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Мадина Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде қысқы демалысты пайдаланып, туған ауылына кетіп қалған. Алайда сүйікті қаласында болып жатқан ауыр жағдайды жүрегіне жақын қабылдайды. Төтенше жағдай режимі аяқталған бойда Алматыға келіп, өзі жұмыс істейтін сауда орнына көмектесуге тырысты.

"Дүкеннің астан-кестенін шығарған. Адамдар дәл осылай бассыздыққа барады деп ойламаппын. Тамақтың бәрін езіп тастаған. Миллиондаған ақша тұратын тоңазытқыштардың әйнегін шағып, жарамсыз қылған. Соның салдарынан тоңазытқышта сақталатын ашытылған және қатпарлы қамыр бұзылып кетті. Бұл нан ғой, нанды халық қашан да қастерлеген. Бір үзім нанға мұқтаж қылған қанша нәубет өтті басымыздан? Ал тонаушылар дүкенді адам көргісіз күйге түсіріпті. Тоңазытқыш істемей қалған соң, қамыр ашып, төгіліп, дүкеннің еденіне жабысып қалған. Қатқан қамырды жуу да оңай емес. Бірақ жерге тапталған нанды тазалап жүріп, осынша ысырап қылғандарға күйініп, көзіме жас келді. Асты қадірлеген халық едік қой", - дейді ол.

Мадинаның айтуынша, тонаушылар дүкендегі консервіленген кейбір заттарға ғана тиіспеген.

"Консервідегі жүгері, бұршақ, фасоль сол күйі тұр. Үйге арналған жуынатын заттарға да көп тиіспепті. Қалған дүниеден түк қалдырмаған. Еденге шашылған, ысырап болған тамақтың мөлшерінде шек жоқ. Шағылған шөлмектен аяқ алып жүру мүмкін емес. Осының бәрін бүлікшілер тас-талқан қылды делік. Бірақ бейбіт заманда дүкенді тонауға келген қарапайым тұрғындарға не айтуға болады? Тарихта өз-өзін тонаған елдердің ұшпаққа шыққаны жоқ", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1954896-asygan-qamyr-edenge-togilip-zatyr-tonausylar-talqandagan-dukennin-qyzmetkeri-tamaqtyn-ysyrap-bolganyna-kuiindi/

pixel