"Жанып кетпесін деген ой ғана болды": Өрт шыққан ғимараттан туды алып шыққан азамат мән-жайды айтып берді (фото)
Жарияланған күні:
Түркістан облысы Сайрам ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығының шатыры өртке оранған. Тілсіз жауды ауыздықтауға алғашқылардың бірі болып жеткен Қансеитов Мұхаммед ғимараттан Елтаңба мен Мемлекеттік Туды алып шықты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Төтенше жағдай кеше, 17 шілде күні тіркелген.
Мемлекеттік ту мен Елтаңбаны ғимараттан алып шыққан жас жігіт оқиғаның қалай болғанын баяндап берді.
"Жексенбі, яғни демалыс күні Whatsapp-тағы чатқа басшымыз орталықтан өрт шыққанын айтып, тездетіп оқиға орнына жетуді тапсырды. Жақын жерде жүргендіктен ғимаратқа тез жеттім. Сол уақытта қызыл жалын шыққан мекемеге өрт сөндірушілер келді. Ең алдымен көзім Елтаңбаға түсті. Тез арада оны алып шықтым. Қызыл жалын шатырды шарпып үлгергенде "Ту өртенбесін" деп көрші дүкеннің ғимараты арқылы жоғарыға шықтым. Қатты ыстық болды. "Тек Мемлекеттік Ту жанып кетпесін" деген оймен жылдам қимылдап, көк байрағымызды өрттеніп кетуден сақтап қалдық.
Кез келген азамат туды өрттің құрсауында қалдырмас еді деп ойлаймын.
Сонымен қатар кабинеттердегі компьютер мен құжаттарды да жылдам шығардық", - дейді Мұхамед.
Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті тілсіз жауға қатысты пікір білдірді.
"17 шілде күні сағат 13:45-те Сайрам ауданы, Ақсукент ауылы, Астана даңғылында орналасқан ғимараттың шатыры жанды.
Өрт сағат 14:31-де оқшауланып, сағат 16:15-те толық сөндірілді. Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Оқиға орнында төтенше жағдайлар департаментінің 29 қызметкері және 8 техникасы, 8 тәртіп сақшысы және полиция департаментінің 2 техникасы жұмылдырылды",- делінген хабарламада.
Айта кетейік, Қансеитов Мұхамедтің орталықта жұмыс істегеніне бір жылдай уақыт болған. Жасы 27-де. Бір баланың әкесі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1979047-zanyp-ketpesin-degen-oi-gana-boldy-ort-syqqan-gimarattan-tudy-alyp-syqqan-azamat-man-zaidy-aityp-berdi-foto/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.