Қарағанды облысындағы жол апатынан 2 дәрігер қаза болып, тағы 8 медқызметкер зардап шеккен

Опубликовано:

жол апатынан қаза болған дәрігерлер
Жол апатынан қаза болған дәрігерлер. Фото: Facebook/Денсаулық сақтау министрлігі

Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында жүк көлігі мен ПАЗ жолаушылар автобусының соқтығысуынан болған жол апаты кезінде 2 дәрігер көз жұмған. Қайғылы оқиғаға байланысты Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлердің туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Денсаулық сақтау министрлігі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Сарышаған ауылының жанында болған қайғылы оқиғаға байланысты қайғыра көңіл айтады.

Жол-көлік апатынан Балқаш қаласындағы "Жезған медициналық орталығы" ЖШС емханасының 2 дәрігері қаза болып, 8 медицина қызметкері зардап шекті. Дәрігерлер Балқаш қаласындағы "Қазақмыс" компаниясының жұмысшыларын профилактикалық қарап-тексеруден қайтып келе жатқан болатын. Олар мінген автобус МАЗ маркалы жүк автокөлігімен соқтығысып, жол апатына ұшырады.

Министрлік атынан қапияда көз жұмған Кенжеханова Виктория Ислямқызы мен Қыстаубаева Бақыт Рашитқызының жақындары мен отбасына қайғыра көңіл айтамыз.

Отоларинголог Виктория Кенжеханова мен офтольмолог дәрігер Бақыт Қыстаубаева азаматтардың денсаулығын қорғауға ондаған жыл ғұмырын сарп еткен нағыз кәсіби мамандар еді. Аймақтық денсаулық сақтау саласы орны толмас ауыр қазаға душар болды", - делінген министрліктің Facebook желісіндегі хабарламасында.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қарағанды облысында МАЗ жүк көлігі мен ПАЗ жолаушылар автобусы соқтығысып, салдарынан төрт адам мерт болғанын хабарлаған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1988806-qaragandy-oblysynda-zol-apatynan-2-dariger-qaza-boldy/