Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қарағанды облысындағы жол апатынан тағы бір медқызметкер көз жұмды

Опубликовано:

Айдана Амантайқызы
Айдана Амантайқызы. Фото: facebook.com/zdravkrg

Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында жүк көлігі мен ПАЗ жолаушылар автобусының соқтығысуынан болған жол апатынан тағы бір медицина қызметкері көз жұмды. Бұл туралы Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы Facebook-тағы парақшасында хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының ұжымы "Жезқазған медициналық орталығы" ЖШС мейірбикесі Айдана Амантайқызы Имашеваның қайтыс болуына байланысты отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтады.

Ол да әріптестері сияқты осыдан бірнеше күн бұрын Ақтоғай ауданында жол апатынан зардап шекті. Дәрігерлер оның өмірі үшін күресті, бірақ 22 қыркүйекте өкінішке орай бақилық болды", - делінген хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, Айдана Амантайқызы өмірінің көп бөлігін мейірбике ісіне арнаған. Оның кәсіпқойлығы мен акушерлік шеберлігінің арқасында металлургиялық комбинат жұмысшыларының оннан астам перзенті аман-есен дүниеге келген.

Медицина қызметкерінің артында күйеуі мен үш баласы қалған.

"Айдана Амантайқызы игілікті істерімен емделушілер мен медицина саласындағы әріптестерінің жадында мәңгі сақталады", - деп қосты Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасының ұжымы.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қарағанды облысында МАЗ жүк көлігі мен ПАЗ жолаушылар автобусы соқтығысып, салдарынан төрт адам мерт болғанын хабарлаған едік.

Кейін жол-көлік апатынан Балқаш қаласындағы "Жезған медициналық орталығы" ЖШС емханасының 2 дәрігері қаза болып, 8 медицина қызметкерінің зардап шеккені белгілі болды.

Медицина қызметкерлері Балқаш қаласындағы "Қазақмыс" компаниясының жұмысшыларын профилактикалық қарап-тексеруден қайтып келе жатқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1989211-qaragandy-oblysyndagy-zol-apatynan-tagy-bir-medqyzmetker-koz-zumdy/

pixel