Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Автобус 30-40 секунд қозғалмай тұрған": Шымкенттегі жол апатына қатысты жаңа дерек шықты

Жарияланған күні:

Шымкенттегі автобус
Шымкенттегі автобус. Видеодан кадр: 24.kz

8 сәуірде Шымкентте жүргізушісі жоқ автобустың қатысуымен болған жол апатында қаза болғандардың отбасына материалдық көмек көрсетуді автобус паркі толық өз мойнына алды, деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы.

Телеарна ақпаратынша, тасымалдаушы компанияның өкілі жүргізуші өз ісіне немқұрайлы қарағанын айтты. Көлік компаниясының директоры Азат Қайыпбековтың айтуынша, жүргізуші автобусты өшірмей, қол тежегішіне қойғанына нақты көз жеткізбей, автобустан түсіп кеткен.

"Біз автобустың ішіндегі видеоларды көрдік. Автобус сол жерде шамамен 30-40 секунд қозғалмай тұрған. Нақты белгісіз себептермен автобус 30-40 секунд шамасынан кейін жәймен төмен қарай жүріп кеткен", - деді ол.

Телеарна мәліметінше, автобус паркі қаза болғандардың отбасына материалдық көмек көрсетуді толық өз мойнына алған.

Сонымен қатар сол маңда тұратын куәгер оқиға туралы де өз ойын бөлісті.

"Осы жерде тұрамыз ғой. Терезеден көргеннен кейін қыздарымыз айтты осы жерден 5 минут алдын өткен екен. Қызым телефон шалып, папа абайлаңыздар мына жерде автобус біздің үйге кіріп кетейін деді деп қоңырау шалды. Жүгіріп келгенім сол келсем мына жерде адамдар жатыр екен", - дейді куәгер Досмұхан Нұрсейітов.

Бұдан бөлек, қалалық денсаулық сақтау басқармасы ауруханаға түскен науқастың жағдайы туралы хабарлады.

"Үшінші науқас №1 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілген. Ол науқастың қазір жағдайы қалыпты, орташа. Нейрохирургия бөлімінде ем алуда. Дәрігерлердің бақылауында", - дейді қалалық денсаулық сақтау басқармасының ресми өкілі Лаура Нақыпқызы.

Еске салайық, 8 сәуірде Шымкенттегі "Метро" сауда үйінің жанындағы екі көшенің қиылысында жүргізуші басқаруынсыз автобус қарсы бағытқа шығып кетіп, жаяу жүргінші жолағында келе жатқан алты адамды қағып кеткен еді.

Осы қайғылы жағдайдан 5 адам қаза тапты. Екі әйел мен бозбала сол жерде және кәмелетке толмаған екі адам жансақтау бөлімінде көз жұмды. Олардың біреуі кеше ауруханада қайтыс болды. Тағы бірі ауруханада жатыр.

Қазіргі таңда жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды. Автобусқа техникалық сараптама тағайындалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2016086-avtobus-30-40-sekund-qozgalmai-turgan-symkenttegi-zol-apatyna-qatysty-zana-derek-syqty/