"Үш адам жараланды": БҚО-да ауыл тұрғынын атты деген күдікпен қожалық басшысы ұсталды
Жарияланған күні:
Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы Аралтөбе ауылында аңшы мылтығынан ауыл тұрғынына оқ атты деген күдікпен шаруа қожалығының басшысы ұсталды. Оқиға салдарынан үш адам зардап шеккен. Бұл туралы ІІМ Telegram-дағы ресми жаңалықтар арнасында хабарлады.
БҚО полииция департаментінің бастығы Арман Оразалиевтің мәліметінше, 5 қыркүйек күні сағат 18:45 шамасында Сырым ауданы Аралтөбе кентінде спирттік ішімдік ішкен шаруа қожалығының басшысы мен ауыл тұрғындарының бірінің арасында жанжал туып, арты төбелеске ұласқан.
Бұдан кейін қожалық басшысы өзінің Lexus автокөлігінен әйелінің атына тіркелген аңшы мылтығын алып, тұрғынға қарай бірнеше рет оқ атқан.
Салдарынан ауыл тұрғыны сол жақ жамбасынан және аяғынан оқ жарақатын алған.
Сондай-ақ 59 жастағы әйел мен оның кішкентай немересі зардап шеккен.
Арман Оразалиевтің айтуынша, қылмыс жасағаннан кейін күдікті оқиға орнынан өз автокөлігімен бой тасалаған.
Сол күні адам өлтіруге оқталу фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігіне, 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
"Тосқауыл" жедел-жоспары енгізіліп, өңірдің барлық жеке құрамына бағдар берілген.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Сонымен қатар қылмыс құралы тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына тіркелген.
БҚО полиция департаментінің бастығы бұл факті бойынша тергеу жалғасып жатқанын атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2035526-us-adam-zaralandy-bqo-da-auyl-turgynyn-atty-degen-kudikpen-qozalyq-bassysy-ustaldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.