"Денелері өртенген үйден табылған": Алматы облысында әйел мен екі баласын өлтірді деген күдіктіге іздеу жарияланды
Жарияланған күні:
Кеше, 14 қыркүйек түнгі уақытта Алматы облысы Іле ауданындағы "Береке" саяжай бірлестігінде үй өртенген. Өрт сөндіру кезінде зорлық-зомбылық белгілері бар әйел мен екі баланың денесі табылғаны туралы ақпарат түскен. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
14 қыркүйек сағат 22:31-де Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментіне Іле ауданы Ащыбұлақ ауылдық округіне қарасты Жәпек батыр ауылында саяжай бірлестігінде үй өртенгені туралы хабарлама келіп түскен.
"Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері оқиға орнына дереу аттанды. Боралдай ауылындағы жақын маңдағы өрт сөндіру бөліміне дейінгі қашықтық - 15 шақырым.
Барлау және өртті сөндіру кезінде оқиға орнында зорлық-зомбылық белгілері бар 1981 жылы туған әйел мен 2010 және 2016 жылы туған балалардың денесі табылды", - делінген хабарламада.
Өрт сағат 23:45-те сөндірілген. Өрттің жалпы ауданы 124 шаршы метрді құраған.
ТЖД мәліметінше, өрттің себебін анықтау үшін оқиға орнына сынама өрт зертханасы мен тергеу бөлімі жіберілді.
Аталған жайтқа қатысты Алматы облыстық ПД баспасөз қызметі пікір білдірді. Күдікті іздеуде.
"Аталған факті Қылмыстық кодекстің 99-бабы (кісі өлтіру) бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта күдіктіні анықтау және оны ұстау бойынша жедел іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Облыстық полиция бөлімшелері мен көршілес облыстардағы жол полициясына бағыт-бағдар жолданды", - деді Алматы облысының ПД бастығы Бауыржан Әленов.
Полиция департаменті процессуалдық шешім қабылдау үшін қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын мәлім етті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2036726-almaty-oblysynda-ortengen-uiden-aiel-men-eki-balanyn-denesi-tabyldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.