Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қандаланы улаудан кейінгі қайғылы жағдай: Ақтауда екі бүлдіршін көз жұмған оқиғаға қатысты жаңа деректер шықты

Опубликовано:

дезинфекция жұмыстары
Дезинфекция жұмыстары. Көрнекі фото: pixabay.com

Ақтауда қандалаға қарсы улау жұмыстарынан кейін екі бүлдіршін көз жұмған оқиғаға қатысты жаңа мәліметтер шықты, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Телеарна мәліметіне сүйенсек, қайғылы жағдай Ақтау қаласында шағын аудандардың біріндегі көпқабатты тұрғын үйде болған. Сегізінші қабатта тұратын келіншек пәтерін қандалаға қарсы дезинфекциялап, балаларын алып басқа жаққа кетіп қалған. Пәтерге шашылған дәрінің иісі ауа желдеткіш арқылы тоғызыншы қабаттағы пәтерге таралып, салдарынан сол пәтердегі отбасы мүшелері уланған. Олардың ішінде 10 айлық сәби мен 2,5 жастағы бала көз жұмған.

"Оқиға 21 күні түнде болды. Жиенім хабарласып, екі бала екі рет құсты деді. Қара, болмаса жедел жәрдем шақырарсың дедім. Екі бала құсып болғаннан кейін ұйықтап қалған. Таңда, сағат жетіден кете жиенім, келінім телефон соқты, балалар кетіп жатыр деп. Балалар дірілдеп қалшылдап, тұрмастан кетіп қалған. Көршілер, тым құрығанда, айтпады ма екен, улап жатырмыз деп", - дейді зардап шеккен отбасының туысы Нұрсәуле Түменова.

Көз жұмған бүлдіршіндердің анасы мен екі бауыры қазір ауруханада жатыр. Алғашында жансақтау бөліміне түскен олар қазір палатаға шығарылған.

"2015 жылғы қыз баланың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып, педиатрия бөліміне жатқызылды. Интоксикация белгілеріне байланысты 2017 жылғы ұл баланың келгенде жағдайы өте ауыр болды. Ол жансақтау бөліміне ауыстырылды. Қазір баланың жалпы жағдайы орташа ауыр", - дейді Маңғыстау облысы көпбейінді балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі Мереке Бекбаева.

Телеарнаның ақпаратынша, қандаладан құтылмақ болған тұрғын зиянкестерді улайтын дәріні Алматыдан арнайы тапсырыспен алдырған. Бірақ препараттың өндірушісі мен құрамы белгісіз.

Тексеріс жүргізген мамандар дәрі себілген пәтерде аммиак қышқылы мен көмірсу оксидінің шамадан тыс көп болғанын анықтаған.

"Біз тұрғындарға тұрғын үйді өздігімен улауға болмайтынын жиі айтамыз. Алайда көбісі мән бермейді. Пәтер иесі пәтерге 39 улы таблетканы қойып, бұл туралы көршілеріне де, пәтер иелері кооперативіне де айтпай кетіп қалған. Екі пәтерде де аммиак қышқылы мен көмірсу оксиді деңгейінің жоғары екені анықталды. Улы газдардың бұл түрі адам өміріне өте қауіпті", - дейді Ақтау қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Әсима Жарылғасова.

Қазіргі таңда бұл факті бойынша полицияда Қылмыстық кодекстің 304-бабы 3-бөлігі (Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша тіркеліп, сараптама тағайындалған.

Балалардың нақты неден көз жұмғаны сараптама қорытындысынан кейін белгілі болмақ.

Дереккөз: КТК арнасы

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ақтауда көпқабатты үйдегі пәтерде қандалға қарсы улау жұмыстары жүргізілгеннен кейін жоғары қабаттағы пәтердің тұрғындары уланып, екі бала көз жұмғанын хабарлаған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2042265-qandalany-ulau-kezindegi-qaigyly-zagdai-aqtauda-eki-buldirsin-koz-zumgan-oqigaga-qatysty-zana-derekter-syqty/

pixel