Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қарағанды облысындағы апат болған шахтадан тағы бір адамның денесі табылды

Опубликовано:

кен орны
Кен орны. Көрнекі фото: pixabay.com

Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада іздестіру-құтқару жұмысы жүріп жатыр. Қазіргі уақытта 22 адамның денесі табылды. Бұл туралы ТЖМ Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.

ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Көмір департамертінің Костенко атындағы шахтадағы авариялық-құтқару жұмыстарына Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабының Қарағанды филиалының 55 адамы мен 12 техникасы жұмылдырылған.

"Жұмыс екі өндіру учаскесі ауданында жүргізілуде. Көрінетін жану ошақтары жоқ. Газ жағдайын бақылау, сынамаларды алу, сондай-ақ табылған қаза тапқандарды шығару жұмыстары жүргізілуде. Кейбір жерлерде көміртегі тотығының рұқсат етілген концентрациясынан асып кетуі байқалады. Қазіргі уақытта 22 адамның денесі табылды, 24 кенші іздестірілуде", - делінген ресми ақпаратта.

Сондай-ақ ТЖМ ақпараттық және психологиялық қолдау көрсету үшін Қарағанды қаласында және Астанада "жедел желі" телефондары ашылғанын мәлім етті.

Қарағандыда: ТЖД 8-7212-51-72-23; АрселорМиттал Теміртау 8-7212-49-72-70

Астанада: 8-7172-70-41-08

Қарағандының Костенко атындағы шахтасында болған апат

Еске сала кетсек, бүгін Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында жарылыс болды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеншілердің қаза табуына байланысты көңіл айтты. Мемлекет басшысы үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды.

Артынша мемлекет басшысы апаттың мән-жайын анықтап, тиісті шешім қабылдау үшін Қарағанды облысындағы қайғылы оқиға орнына барды.

Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды. Сонымен қатар үкіметке "АрселорМитталТеміртау" компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.

Кейін үкімет "АрселорМиттал Теміртау" компаниясын мемлекет пайдасына беру туралы келісімшартты рәсімдеу аяқталып жатқанын хабарлады. Одан бөлек, оқиға орнына премьер-министр Әлихан Смайылов, Төтенше жағдайлар министрі Серік Шәріпханов барды.

Сондай-ақ Бас прокуратура Костенко атындағы шахтадағы өрт фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2042946-qaragandy-oblysyndagy-apat-bolgan-saxtadan-tagy-bir-adamnyn-denesi-tabyldy/

pixel