"Біздің бөлмеден бір жігіт көз жұмды": Алматыдағы хостелде шыққан өрттен аман қалған жігіт оқиғаның мән-жайын айтты
Жарияланған күні:
Читать на русскомАлматыдағы хостелде шыққан өрттен аман қалған қазақстандық жігіт қайғылы оқиғаның мән-жайын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
20 жастағы жігіт Қостанайдан Алматыға демалуға келіп, бүгін таңғы уақытта қайғылы оқиға болған хостелге тоқтаған.
"Көршім оятты, жертөледе орналасқан бөлмеде ұйықтап жатқан едім. Сағат екі-үштер шамасында ұйықтап қалған болатынмын, мені таңғы 5:00-5:30 аралығында оятты.
Басында құлап қалдым, жалынды көрдім, артымнан итеріп жатты, алдымда бір адам болды. Барлығы жүгіріп шықты, қалай далаға шыққанымды түсінбей қалдым.
Ештеңе (жеке заттары – ред.) алып үлгермедім. Ұялы телефон, зарядтау құрылғысы, құлаққап, киімдерім – бәрі сонда қалды. Мен іш киіміммен жүгіріп шықтым", – деді ол.
Қостанайлық жігіттің сөзінше, төтенше жағдайдан кейін олар жақын маңдағы мектептің спорт залына орналасқан, оларға киім-кешек, тамақ берілген.
Сондай-ақ ол қаза болғандардың бірі өзімен бір бөлмеде тұрғанын айтты.
"Бөлмеде бес-алты адамнан болды. Біздің бөлмеден бір жігіт көз жұмды. Біз оны оятуға тырыстық, бірақ ол оянбады. Мен шокта болдым. Не болғанын аңғарған кезде ғана қорқыныш пайда болды", – дейді қостанайлық жігіт.
Оның айтуынша, жертөледе орналасқан бөлмедегі орынның бағасы айына 30 мың теңге, ал бірінші қабатта айына 35-40 мың теңге.
Алматыдағы хостелде болған өрт
Бүгін, 30 қарашада таңғы уақытта Алматы қаласындағы Ади Шәріпов көшесінде орналасқан хостелден өрт шығып, салдарынан 13 адам қаза болды.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі өрттен зардап шеккен тағы екі адамның Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жеткізілгенін мәлімдеді.
Кейін қалалық полиция департменті қаза тапқан барлық адамның жеке басы анықталғанын хабарлады. Олардың тоғызы – Қазақстан, екеуі – Ресей, екеуі – Өзбекстан азаматы.
Хостелдегі өрт фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Сондай-ақ оқиғаға байланысты хостелдегі өрттің себептерін анықтап, зардаптарын жоюмен айналысатын үкіметтік комиссия құрылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен үкімет басшысы Әлихан Смайылов қайғылы жағдай кезінде қаза тапқан марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2048468-bizdin-bolmeden-bir-zigit-koz-zumdy-almatydagy-xostelde-syqqan-ortten-aman-qalgan-zigit-oqiganyn-man-zaiyn-aitty/