"Ұшып келерден бір күн бұрын қаза болды": Ақтауда Алматы хостеліндегі өрттен көз жұмған 19 жастағы жігітпен қоштасу рәсімі өтті
Жарияланған күні:
Читать на русскомОсы аптада Ақтауда Алматыдағы хостелде шыққан өрт салдарынан қаза болған 19 жастағы Никита Королевты жерлеу рәсімі өтті, деп хабарлайды марқұм жігіттің анасының Instagram парақшасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Марқұмның анасы, ақтаулық фотограф Евгения Вегер кеше, желтоқсанның 2-сі Instagram парақшасында ұлын жерлеу рәсімі өткенін хабарлады.
"Ол Алматыдағы хостелде өрт шығу салдарынан көз жұмды. Менің ұлым Королев Никита Ақтауға үйіне ұшып келерден бір күн бұрын қаза болды. Бұл менің жалғыз ұлым, 24 желтоқсанда 20 жасқа толады. Мен оны 1,5 жыл бойы көрмеген едім", – деп жазды ол.
Алматыдағы хостелде болған өрт
30 қарашада таңғы уақытта Алматы қаласындағы Ади Шәріпов көшесінде орналасқан хостелден өрт шығып, салдарынан 13 адам қаза болды.
Кейін қалалық полиция департменті қаза тапқан барлық адамның жеке басы анықталғанын хабарлады. Олардың тоғызы – Қазақстан, екеуі – Ресей, екеуі – Өзбекстан азаматы.
Хостелдегі өрт фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Сондай-ақ оқиғаға байланысты хостелдегі өрттің себептерін анықтап, зардаптарын жоюмен айналысатын үкіметтік комиссия құрылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен үкімет басшысы Әлихан Смайылов қайғылы жағдай кезінде қаза тапқан марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Кейін хостел иелері іздестіріліп жатқаны туралы хабарланған болатын.
Ал 1 желтоқсанда Алматыда 13 адам өрттен көз жұмған хостелдің егесі ұсталғаны туралы жазған едік. Арнайы прокурорлар "Алматы-Хостел" ғимаратындағы өрт оқиғасы бойынша қылмыстық істі тергеуге кіріскен. Мекемені жалға беруші қамауға алынды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2048878-songy-ret-qusaqtadym-aqtauda-almaty-xostelindegi-ortten-koz-zumgan-19-zastagy-zigitpen-qostasu-rasimi-otti/