Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбе облысында шекара бекетінде оқ атылды: әскери қызметші қаза тапты

Жарияланған күні:

Мәтжан Жанесенов
Мәтжан Жанесенов. Фото: туыстарының жеке мұрағатынан

Ақтөбе облысы Мәртөк ауданындағы "Қиялы" шекара бекетінде әскери қызметші алған оқ жарақатынан қаза тапты. Шекарашы жедел жәрдем көлігінде көз жұмған. Мерт болған шекарашының туыстары құзырлы органдардан болған жағдайды толық түсіндіріп, іс әділ тергелуін талап етіп отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қайғылы оқиға 2 желтоқсан күні шекара заставасында болған. Әскерилер арасында жанжал туындап, оқ атылған.

Мәтжан Жанесенов - Ақтөбе облысы Байғанин ауданының тумасы. Ол көпбалалы отбасында тәрбиеленген. Үйінің тұңғышы. Артынан ерген төрт бауыры бар. 9-сыныптан кейін колледж бітіріп, әскерге аттанған. Әскери борышын өтеп, үш жылдық келісім шартпен қызметте қалған.

Туыстары болған жайға сенер емес.

"Оқиға жұмыс орнында болды. Адам қолынан мерт болып отыр. Не болғанын білмеймін. Бізге ештеңе айтылған жоқ. Денесін кеше түнде әскерилер әкелді. Олар біз "қасында болмадық, ештеңе білмейміз" деп үнсіз кетті. Бүгін департаменттен адам келеді деп айтылған. Не болғанын солардан сұрағымыз келеді. Өзі бауырларына қамқор, ақылды бала еді. Оның арманы полицияда қызмет ету еді. Биыл шекарада жұмыс істеп жүргеніне үш жыл болады. Ауылға келгенде екі-үш күнге келіп, туыстарды аралап кететін. Соңғы рет 20 күн бұрын келіп кетті. Тапқан табысын үйіне әкеліп, бауырын оқытты", - деді туысы Айгүл Жанесенқызы.

Ақпаратты Ақтөбе гарнизонының әскери прокуратурасында растады.

"2-желтоқсан күні ҰҚК Ақтөбе облысы бойынша Шекара қызметі департаментінің "Қиялы" шекара заставасында келісімшарт бойынша әскери қызметші жанжалдың нәтижесінде өзіне бекітілген қарудан әріптесіне оқ атып, соңғысы жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды.

Аталған факті бойынша Батыс өңірлік әскери тергеу басқармасының Ақтөбе бөлімі Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қылмыстық іс бойынша күдікті ұсталды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Басқа мәліметтер ҚПК 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды", - делінген Ақтөбе гарнизонының әскери прокуратурасының хабарламасында.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2049050-aqtobe-oblysynda-sekara-beketinde-oq-atyldy-askeri-qyzmetsi-qaza-tapty/