Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бапкері болдым": Шавкат Рахмоновтың қарындасына ұсыныс жасаған депутат қалыңдығымен қалай танысқанын айтты

Опубликовано:

Сора Рахмонова мен Нұрсұлтан Орынбасаров
Сора Рахмонова мен Нұрсұлтан Орынбасаров. Фото: instagram/rakhmonova___

Күні кеше Сора Рахмоноваға сүйіктісі Нұрсұлтан Орынбасаров бразилиялық джиу-джитсудан көк белбеу табыстады. Ал спорт саласында сезімі ұштасқан жастарды көпшілік әлі құттықтауда. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі Алматы облысының мәслихат депутатымен сұхбаттасып қайтты.

- Нұрсұлтан, сәлеметсіз бе. Сұхбат беруге келіскеніңіз үшін рахмет! Күні кеше сүйіктіңіз Сора Рахмоноваға белбеу табыстағаныңызды көрдік. Осы белбеуге қатысты толығырақ тарқата аласыз ба?

- Жалпы Сора тек ММА жауынгері емес, қоян-қолтық жекпе-жек бойынша қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш үш дүркін әлем чемпионы. Өзім осыған дейін Сора мен оның командасын грэпплинг пен джиу-джитсудан жаттықтырдым. Сол кезде-ақ ол ауырту әдісін пайдаланып, партерде жоғары деңгейде күрескен еді. Бірнеше рет дәл осы ауырту әдістері арқылы жеңіске жеткеніне де куә болдық. Негізі джиу-джитсуда бірінші ақ, одан соң көк, күлгін, қоңыр, кейін қара белбеу беріледі. Сораның джиу-джитсуден белбеуі жоқ болған соң алғашқысын мен табыстадым. Бірақ күресі мен жаттығуына қарап, одан да жоғары белбеуге лайық деп ойлаймын. Алдағы уақытта Сора бразилиялық джиу-джитсуден қара белбеу алып, әлем чемпионы атанатынына сенімдімін.

- Сіздің Сораға үйленуге ұсыныс жасаған сәтіңіз көпшіліктің назарын аударды. Сіз туралы ақпарат білгісі келетін оқырман да көп. Осы тұста өзіңіз жайлы қысқаша айтып берсеңіз.

- Осыған дейін өзім де аралас жекпе-жекпен айналысып, кәсіпқойлар арасында төрт жекпе-жек өткіздім. Бәрінде жеңіске жетіп, кейін джиу-джитсудан қара белбеу алып, грэпплингтен Азия чемпионы атандым. Одан бөлек қоғамдық шараларға, қайырымдылық жұмысқа атсалысып, 2015 жылы Іле ауданында "Сағадат батыр" атты спорт клубын негізін қаладым. Бүгінде біз 1000-нан аса спортшыны жаттықтырамыз. Шәкірттеріміз грэпплинг пен джиу-джитсу бойынша бірнеше дүркін әлем чемпионы атанды. Қазір VIII шақырылымдағы Алматы облысының мәслихат депутатымын. Жалпы еліміздегі спортты дамыту аясында 10 жылға жуық еңбек етіп келемін. Мақсатым - Қазақстанға қызмет ету, елге өз пайдамды тигізу.

- Ал енді жеке өмірге келсек. Сора Рахмонова екеуіңіз қашан және қалай таныстыңыздар? Жалпы араларыңыздағы сезімнің өршуіне спорттың қаншалықты әсері болды?

- Спорт саласында жүргендіктен Сораны бұрыннан танимын. Жоғарыда айтып өткендей, бапкер ретінде біршама тәжірибемді бөлістім. Ал жеке таныстығымызға екі жылға жуық уақыт болды. Жалпы өзімде спортшы қызбен отбасы құрамын деген жоспар болған жоқ. Бірақ жүрекке әмір жүрмейді. Бастысы, бір-бірімізді сөзсіз түсінеміз.

- Қазір ел-жұртты ғашықтардың тойы қашан өтетіні қызықтырары анық. Ендеше, той қашан және қалай өтпек?

- Иә, ол рас. Әлеуметтік желіде тойдың қашан өтетінін сұрап жатқан жұрт көп. Келемін деушілер де аз емес. Негізі осы айда деп жоспарлап отырмыз. Жалпы тойымызды спорттық форматта өткізуді жөн көрдік, қонақтардың басым бөлігі спортшылар болады.

- Сораның ағасы Шавкат Рахмоновпен қарым-қатынасыңыз қалай?

- Шавкат Рахмоновпен жеке таныспыз, қарым-қатынасымыз өте жақсы. Ол UFC-де алғашқы жекпе-жегін өткізіп, жеңіске жеткенде спорт жанашыры ретінде қатты қуандым. Шавкаттың өзімен кездесіп, құттықтаған да едім. Қазір де оның шын жанкүйерімін деп айта аламын. 16 желтоқсан күні өтетін жекпе-жекте де жеңіске жетеді деген сенімдемін. Шавкатпен бірге грэпплинг бойынша жаттығу да жасағанбыз. Еліміздің туын биікте желбіретіп жүргендіктен оны азамат ретінде де, спортшы ретінде де құрметтеймін.

- Сораның спорттық мансабына қатысты ойыңызды парақшаңызда жазған екенсіз. Алда қандай жоспарларыңыз бар?

- Біз ешқашан спорттан алыстамаймыз. Мен бапкер ретінде Сораның 8 жыл бойы жинаған тәжірибесін, атқарған еңбегін бір сәтте тастауына жол бере алмаймын. Керісінше қолдан келгенше қазақтың туын көтерсін деймін, әрдайым қолдау көрсетемін. Бүгінде спорт Сора екеуміздің де өміріміздің мәніне айналған. Бірінші кезекте бақытты отбасы болсақ, одан соң ел спортының дамуына үлес қоссақ деген ниеттеміз.

- Сұхбатыңызға рахмет! Бақытты болыңыздар!

- Рахмет!

Сұхбаттасқан: Ұлжан Ибраим

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2048634-bapkeri-boldym-raxmanovtyn-qaryndasyna-usynys-zasagan-almaty-oblysynyn-deputaty-zarymen-qalai-tanysqanyn-aityp-berdi/

pixel