Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Оралда жарылыс болған дәмхананы жалға алушы екі айға қамауға алынды

Жарияланған күні:

Күдіктіге кісен салу
Күдіктіге кісен салу. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Бүгін Оралдың тергеу соты жарылыс болған Rizyq дәмханасын жалға алушыны екі айға қамауға алуға санкция берді, деп хабарлайды "Мой город" басылымы.

Басылым жазуынша, Rizyq дәмханасын жалға алушы 34 жастағы Меңдібек Уәлиев мекемедегі жарылыс ісінде басты күдікті ретінде қарастырылып отыр. Ол сотқа дейінгі тергеу кезінде уақытша ұстау изоляторында қамауда болады.

Прокурордың сөзінше, 6 қаңтарда Меңдібек Уәлиев ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігінде (Екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу) көзделген қылмыс бойынша күдікті ретінде ұсталған. Сол күні күдікті ретінде одан жауап алынған.

"Қамау түріндегі бұлтартпау шарасы қажет, себебі жасалған қылмыстық әрекет ауыр қылмыстық құқық бұзушылықтар санатына жатады. Ол үшін бес жылдан асатын мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Уәлиев бостандықта жүрсе, істі объективті тергеуге кедергі келтіруі мүмкін", деді мемлекеттік айыптаушы.

Оның айтуынша, Уәлиев бұған дейін де халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Нақтырақ айтсақ, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып, шетелдік жұмыс күшін және еңбек мигранттарын тартқаны үшін хаттама толтырылған.

Меңдібек Уәлиевтің өзі соттан бас бостандығынан айырмауды, үйқамаққа шығаруды сұраған. Ол сараптамалар әлі аяқталмағанын әрі қайғылы оқиғаның нақты себептері әлі белгісіз екенін алға тартқан.

"Мені үйқамаққа шығарып, отбасымның жанында болуыма мүмкіндік беруіңізді сұраймын.Үш балам бар, ең кішісі жасқа да толмаған. Ата-анам жоқ, інім қамқорлығымда. Әйелім де жұмыссыз", деді Меңдібек Уәлиев.

Күдіктінің қорғаушысы Тамара Сәрсенова өрттің шығу себебі әзірге белгісіз екенін атап өтті. Оның айтуынша, жауап алынған куәгерлер бірінші қабатта көгілдір отын пайдаланған, екінші қабаттағы адам тұратын және жалға берілген үй-жайларда плита болған.

"Үйінді астынан газ баллоны шығарылды, ол бүлінбеген. Бұл өте ауыр жағдай. Бұған қоса ғимараттың иесі жалға беру шарты болғанын көрсетеді, бірақ ол материалдар арасында жоқ. Прокурор менің қорғаушымды қамауға алуды сұрап, сүйенген бапта осы міндеттер жүктелген адамның өрт қауіпсіздігін сақтауы үшін жауапкершілік қарастырылған. Бірақ бұл міндеттер жүктелген субъект анықталған жоқ. Иә, қайғылы жағдай болды, одан ешкім сақтандырылмаған. Маған да сапасыз не толық толтырылмаған газ баллонын сатуы мүмкін еді", – деді Тамара Сәрсенова.

Дегенмен мамандандырылған тергеу сотының судьясы Саян Жүнісбаев Уәлиевті 2024 жылғы 6 наурызға дейін қамауда ұстауға санкция берді. Қаулы заңды күшіне енген жоқ және оған үш күн ішінде шағымдануға болады.

Оралда кафеде болған жарылыс

Еске салайық, 4 қаңтарға қараған түні Орал қаласындағы дәмханалардың бірінде алдын ала мәлімет бойынша газ-ауа қоспасының жарылысы болып, салдарынан ғимарат опырылған болатын. Оқиға орнында екі адам қаза тапты.

Кейін үшінші адамның денесі үйінді астынан шығарылғаны хабарланды.

Сондай-ақ дәмхананы жалға алушының ұсталғаны белгілі болды.

Бұдан бөлек дәмханада болған жарылыстан қаза тапқандардың аты-жөні жарияланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2054444-oralda-zarylys-bolgan-damxanany-zalga-alusy-eki-aiga-qamauga-alyndy/