Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыдан басқа қай өңірлерде жер сілкінісі тіркелді

Жарияланған күні:

Сейсмограф
Сейсмограф. Көрнекі фото: Furchin / Getty Images

Бүгін түнде жер сілкінісі Астана, Алматы қалалары, ШҚО, Жамбыл, Жетісу және Қарағанды облыстарында сезілді. Бұл жөнінде Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ

Бүгін түнде Алматы тұрғындары қатты жер сілкінісін сезінді. Кейбір аудандардың тұрғындары жер сілкінісінің кемі 5 минутқа созылғанын хабарлады. Сезілгені туралы ақпарат (MSK-64 шкаласы бойынша): Алматы – 5 балл.

Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан ақпарат бойынша, Алматыдан бөлек, Астанада, ШҚО, Жамбыл, Жетісу және Қарағанды облыстарында жер сілкінісі тіркелген.

"ТЖМ дағдарысты жағдайларды басқару орталығының базасында төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Сырым Шәріпхановтың басшылығымен азаматтық қорғау қызметтерін тарта отырып, жедел тәртіпте төтенше жағдайды жою жөніндегі республикалық жедел штаб құрылып, жұмыс жүргізуде. Бейнеконференцбайланыс режимінде қалыптасқан жағдайды тұрақтандыруға бағытталған тиісті нұсқаулар әзірлене отырып, өңірлерді тыңдау ұйымдастырылды.

Осындай штабтар аумақтық деңгейде де құрылды. Бұл штабтарда ТЖМ, аумақтық бөлімшелер мен медицина және апаттар орталығының психологтарын тарта отырып, жедел желі телефондары ұйымдастырылған.

Өңірлік жедел штаб басшыларының жүргізіліп жатқан жұмыстар және ықтимал төтенше жағдайға ден қоюға әзірлігі туралы баяндамалары тыңдалды. Барлық азаматтық қорғау қызметтеріне ұйымдастырушылық сипаттағы тапсырмалар берілді", - делінген хабарламада.

Жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының қалалары мен облыстарында зардап шеккендер мен қираған ғимараттар туралы мәліметтер түспегені нақтыланды. Аумақтар әлі тексеріліп жатыр.

Халықаралық ынтымақтастық аясында орын алған жер сілкінісі бойынша мәліметтер нақтыланды.

Қырғызстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы ТЖМ кезекші қызметтерінің ақпараты бойынша осы республикаларда да жер сілкінісі тіркелген.

Қырғызстан Республикасы:

Қырғызстан Ғылым академиясы Сейсмология институтының ақпараты бойынша жер сілкінісі ағымдағы жылдың 23 қаңтарында сағат 00:09-да тіркелген.

Анықталғандығы туралы мәліметтер (MSK-64 шкаласы бойынша): Бішкек қ. – 4-5 балл, Есік және Нарын облыстары - 4 балл. Зардап шеккендер мен ғимараттардың қирағаны туралы ақпарат түскен жоқ.

Өзбекстан Республикасы:

Өзбекстан Республикасы ТЖМ сейсмопрогностикалық мониторинг республикалық орталығының ақпараты бойынша жер сілкінісі ағымдағы жылдың 22 қаңтарында сағат 23:08-де тіркелген..

Сезілуі туралы мәліметтер (MSK-64 шкаласы бойынша): Ташкент - 3 балл, Андижан, Ферғана және Наманған облыстары-3-4 балл.

Зардап шеккендер мен үй-жайлардың қирағаны туралы ақпарат түскен жоқ.

Алматыдағы жер сілкінісі

23 қаңтарда сағат 00:09-да Алматыда жер сілкінісі тіркелді. ТЖД ақпаратынша, жер асты дүмпулерінің магнитудасы - 6,7. Алматыда 5 балдық жер сілкінісі тіркелген.

Желіде тұрғындар жер сілкінісінен соң жаппай көшеге шығып жатқаны көрсетілген видеолар тарады.

Кейін Алматы ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев жер сілкінісінен зардап шеккендер мен қайтыс болғандар, сондай-ақ ғимараттардың қирауы туралы ақпарат келіп түспегенін хабарлады. Сондай-ақ ол азаматтардан қауіпсіз жерге шығуды сұрады.

Сонымен бірге Алматы ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев қалада тағы да жер сілкінісі тіркелгенін хабарлады. Оның сөзінше, зілзала магнитудасы 2-3 болған.

Бұдан бөлек, Атығаев желіде тарап жатқан таңғы сағат бесте жер сілкінісі қайталанатыны туралы хабарды жоққа шығарды.

Ал Алматы полициясы қаладағы тәртіпті қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдап, кептеліс болдырмау мақсатында патрульдік полиция инспекторлары қолмен реттеуге көшті.

Сонымен қатар Алматы полициясы азаматтарды үйлерінің есігін жабуға шақырды.

Одан бөлек, Алматы әкімдігі қалада жер сілкінісі салдарынан қирау фактілері болды деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

ТЖМ сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаев қалада жақын уақытта жойқын жер сілкінісі күтілмейтінін хабарлады. Оның айтуынша, Алматы қаласы мен Алматы облысының тұрғындары сезінген жер сілкіністері афтершок болып табылады. Мұны Орталық Азияның барлық дерлік елі сезінген.

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бүгін түнде болған жер сілкінісінен зардап шеккендер жоқ екенін, дәрігерлер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

Қалалық ТЖД жер сілкінісіне байланысты 8 727 278 20 83 және 8 727 278 20 84 телефон нөмірлері бойынша жедел желі жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді.

Мегаполис басшысы Ерболат Досаев штабта сағат 00:20-дан бастап Жедел штабтың шұғыл кеңесін өткізгені, онда одан әрі іс-қимыл жоспары талқыланып жатқаны хабарланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2056912-almatydan-basqa-qai-onirlerde-zer-silkinisi-tirkeldi/