Құлсарыдан кейін Атырауды су басуы мүмкін
Жарияланған күні:
Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев Facebook желісіндегі парақшасында Атырау қарғын су басып жатқан Құлсары қаласының тағдырын қайталауы мүмкін екенін айтты. Бұл жөнінде KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Құрметті ағайын, ардақты атыраулықтар, Құлсарыда болып жатқан ахуал өте күрделі. Жылыойлықтар тасқын сумен күреске бел шешпей 2 апта дайындалып, 3 күн бойы қарғын сумен күресті. Бірақ, тілсіз жау қаланы басып кетті", - деп жазды өңір басшысының орынбасары.
Ол зардап шеккен тұрғындарға барлық көмек көрсетіліп жатқанын, шығын көлемі өтелетінін атап өтті.
"Дегенмен Атырау қаласы да бұл тағдырды қайталауы мүмкін. Су басу қаупі Орынбор, Орал қалаларынан кем болмайды деген болжам бар.
Әлбетте әкімдік дайындалуда, 5 күннен бері өңірдің ең үлкен 20 құрылыс компаниясы және 6 ірі мұнай компаниясы жағаларды бекітуге, қорғау дамбаларын салуға жұмылдырылды. Қажетті материалдардың (қапшық, күрес және тб) резерві дайындалып, инертті заттар жинақталды", - дейді Жасұлан Бисембиев.
Оның мәлімдеуінше, Орынбор облысындағы Ирикла су қоймасынан Жайыққа жіберілген су Қазақстан аумағында Батыс Қазақстан облысы арқылы Атырауға облыстың Индер, Махамбет аудандарының аумағымен ағып келеді.
Индер ауданы бойынша жаға бекіту жұмыстарына 54 арнайы техника, 408 қызметкер жұмылдырылған. Қазір ауданда Жайық өзенінің жағалауындағы қауіпті аумақтарға жалпы ұзындығы 10 км бөгет соғылған.
Махамбет ауданы бойынша елді мекендердің судан қорғану бөгеттерінің жалпы ұзындығы – 80 километр.
Жайық өзені бойында орналасқан 17 елді мекеннің ішінде 9 қорғану бөгеті осал. Олар Талдыкөл, Бейбарыс, Алға, Махамбет, Сарытоғай, Ескі Сарайшық, Еңбекшіл, Есбол және Ортақшыл ауылдары тұсында.
Тасқыннан қорғану үшін 56 мың дана қапшыққа топырақ қапталып, өзен жағалауы бекітілген. Бұл жұмыстарға барлығы 95 техника, 142 қызметкер, 1300 ерікті жұмылдырылған.
Ал Жайық өзенінің құяр сағасындағы Атырау қаласында барлығы 12 аумақта жаға бекіту жұмыстарын 172 техника іске асырып жатыр. Қазір жаға бекіту бойыша 2 метр биіктікте жалпы ұзындығы 7 км бөгеттер салынды. Жұмыста барлығы 100 мың дана қапшық пайдаланылды. Қазіргі таңда аталған жұмыстарды жалпы саны 5 мыңнан астам адам іске асыруда. Оның ішінде әкімдіктің және Қорғаныс министрілігінің, Ұлттық ұланның, Төтенше жағдайлар, Полиция департаменттерінің өкілдері жұмылдырылған. Бұл іске 4 мыңға жуық еріктілер тобы да үлес қосуда.
"Бірақ бұл әлі жеткіліксіз. Себебі бүгін Орынбордағы Ирикла су қоймасы рекордты су көлемін тағы да жіберді. Мұндай су көлемі біздің тарихымызда болмаған.
Сондықтан ел болып, бірілігімізді көрсетіп қаламызды апаттан аман алып қалуға жұмылайық. Бізге әр атыраулықтың көмегі керек. Барлығымыз бір кісідей Жайық жағасын көтерейік.
Көп түкірсе көл дегендей, әр азамат бір қапшық құмды жағаға әкелсе, үлкен бекет болары сөзсіз.
Біз бұл сынақтан бірлік арқылы ғана шыға аламыз. Баршаңызды жаға бекіту жұмыстарына қатысуға шақырамын", - дейді Атырау облысы әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, бұған дейін Атырау облысы, Жылыой ауданында су тасып жатқанын, Ақтөбе облысындағы Мұғалжар тауынан келетін табиғи су Жылыой ауданына қатер төндіргенін жазған едік.
4 сәуірде ауданда төтенше жағдай жарияланды.
Ал кеше Төтенше жағдайлар министрлігі сағат 22.45-тегі жағдай бойынша 2500-ге жуық жеке тұрғын үй мен әкімшілік ғимаратты су басқанын мәлімдеді. 4 мыңнан астам адам , оның ішінде 1 мыңнан астам бала эвакуацияланған. Бұған қоса Жем өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Жылыой ауданының "Доссор-Құлсары-Ақта" республикалық маңызы бар автожолының 103-104 км су жүргені хабарланды.
Бүгін Құлсарыдан Маңғыстау облысына 5 мың адам эвакуацияланғаны мәлім болды. Оның ішінде 214 бала бар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2079887-qulsarydan-keiin-atyraudy-su-basuy-mumkin/