Су басқан Құлсарыдан 15 мыңға жуық адам эвакуацияланды
Жарияланған күні:
Соңғы мәлімет бойынша, Атырау облысы Жылыой ауданының Құлсары қаласынан Маңғыстау облысына 15 мыңға жуық адам, оның ішінде бес жарым мыңға жуық бала эвакуацияланды. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ведомствоның Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған мәлімет бойынша, 21 уақытша орналастыру пункттеріне 1641 адам, оның ішінде 741 бала эвакуацияланды. 12 мыңнан астам адам туыстарының үйіне орналастырылды.
Маңғыстау облысы ТЖД және ЖАО күштерімен сыйымдылығы 83 мыңнан астам адамға тең 201 халықты уақытша орналастыру пункті дайындыққа келтірілді.
Эвакуациялау жұмыстары жалғасуда.
Ал Атырау облысы әкімдігі Құлсары қаласы Автожолаушылар ықшамауданындағы 400-ге жуық үйді су басқанын хабарлады. Қазіргі уақытта Полиция департаменті үйінде қалып қойған төрт отбасыны және бір азаматты мал-жанымен құтқарып үлгерді. Ал басқа үйлердің тұрғындары су бастап кіргенде қауіпсіз жерге шығарылған.
Жұмыстар тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Ведомство оқиға орнынан видео жариялады.
Айта кетейік, бұған дейін Атырау облысы, Жылыой ауданында су тасып жатқанын, Ақтөбе облысындағы Мұғалжар тауынан келетін табиғи су Жылыой ауданына қатер төндіргенін жазған едік.
4 сәуірде ауданда төтенше жағдай жарияланды.
Ал кеше Төтенше жағдайлар министрлігі сағат 22.45-тегі жағдай бойынша 2500-ге жуық жеке тұрғын үй мен әкімшілік ғимаратты су басқанын мәлімдеді. 4 мыңнан астам адам , оның ішінде 1 мыңнан астам бала эвакуацияланған. Бұған қоса Жем өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Жылыой ауданының "Доссор-Құлсары-Ақта" республикалық маңызы бар автожолының 103-104 км су жүргені хабарланды.
Ведомство бұған қоса Жылыой ауданынан 12 мыңнан астам, оның ішінде 5 мыңға жуық бала эвакуацияланғанын хабарлады. Эвакуация үш бағытта жүргізілді.
Бұған қоса Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев жағдай күрделі екенін, Атырау қарғын су басып жатқан Құлсары қаласының тағдырын қайталауы мүмкін екенін айтты.
Сондай-ақ бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновпен телефон арқылы сөйлесті. Облыс әкімімен сөйлесу барысында президент ешқандай отбасы, бірде бір тұрғын мемлекеттің назарынан тыс қалмайтынын мәлімдеді және оларға өзінің жылы лебізін білдіріп, әрдайым қолдайтынын жеткізуді тапсырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2080031-su-basqan-qulsarydan-15-mynga-zuyq-adam-evakuaciyalandy/