Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбе облысында ер адам бұрынғы әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталды: іс сотта қаралып жатыр

Жарияланған күні:

Қолына кісен салынған адам
Қолына кісен салынған адам. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Ақтөбе облысы Саркөл ауылында үш баланың анасы өз үйінде қаза тапты. Марқұмның туыстары әйелді бұрынғы күйеуі тұншықтырып өлтіргенін айтады. Облыстық полиция департаменті өкілдері бұл жайт бойынша іс "Адам өлтіру” бабымен тергелгенін, іс сотқа жолданғанын мәлім етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қайғылы оқиға туралы қоғам белсендісі Дина Таңсәрі Instagram-да хабарлады. Марқұмның туыстары "НемолчиKZ" қорынан көмек сұраған. Қор президентінің сөзіне сүйенсек, оқиға 31 қаңтарда Ақтөбе облысының Саркөл ауылында болған. Келіншек өз үйінде шәйнекті отқа қойып, бұрылып жатқанда бұрынғы күйеуі артынан келіп, келіншекті тұншықтырып өлтірген. Келесі бөлмеде ортақ үш баласы ұйықтап жатқан.

"Оқиға туралы бізге марқұмның туыстары хабарлады. Айбану (қайтыс болған әйел - ред.еск.) күйеуімен 2022 жылы ажырасқан. Ер адамның өмірінде басқа әйел пайда болған. Ол балаларға алимент төлемеген, өміріне араласпаған. Бұрынғы әйелі Айбануға екі жылдан кейін оралған. Айбану балалары кішкентай болғандықтан келіскен. Оны бұрынғы күйеуі шай қойып жатқанда өлтірген. Туыстарының айтуынша, ер адам бұрынғы отбасы тұратын ауылға таксимен келген. Такси жүргізушісіне ауыл сыртында күтуді сұраған. Яғни ол қылмысты жоспарлаған. Болжам бойынша, мүлікті бөліскісі келмеген. Үйде кішкентай үш бала өлген аналарымен қалған",- деп жазды Дина Таңсәрі желідегі парақшасында.

Қоғамдық қор мәліметіне сүйенсек, Айбануға қаржылық қиындыққа тап болып, қаладан ауылға барған. Бұрынғы күйеуімен ортақ пәтерді балаларға баспана болу үшін бөліп беруді сұраған.

Қанды оқиғаның мән-жайын полиция өкілдері айтып берді. Қазір күдікті қамауда.

"Кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық істі тергеу аяқталды. Іс сотқа жіберілді. Күдікті ұсталды, қамауда", - деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД өкілдері.

Ал Ақтөбе облыстық соты баспасөз хатшысының хабарлауынша, қанды оқиға туралы сот талқылауы 6 мамырға белгіленді.

"Бұл оқиға туралы іс сотқа 10 сәуірде түсті. Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігімен алдын ала сот тындауы 23 сәуірде болды. Басты сот талқылауы 6 мамырға белгіленді", - дейді Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2094563-aqtobe-oblysynda-er-adam-buryngy-aielin-oltirdi-degen-kudikpen-qamauga-alyndy/