Қарағанды тұрғыны басын қатерге тігіп, жанып жатқан көлікті қауіпсіз жерге сүйреп апарған (видео)
Жарияланған күні:
Қарағанды қаласында кездейсоқ өтіп бара жатқан бір тұрғын жанып жатқан автокөлікті қауіпсіз жерге жылжытып, басқа көліктерді өрттен сақтап қалды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ekaraganda.kz сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
17 желтоқсанда Қарағанды қаласы Ермеков көшесіндегі 106-үй ауласында автокөліктен өрт шыққан. Куәгерлердің айтуынша, осы аулада орналасқан балабақшаға келген бір жігіт көліктің жанып жатқанын байқап, бірден іске кіріскен. Ол басын қатерге тігіп, темір арқанның көмегімен жанып жатқан автокөлікті ашық жерге сүйреген, сол арқылы басқа көліктерді өрттен сақтап қалған.
Желіде батыл жігіттің есімі Дияр Омарбек екені хабарланды. Қарағанды облысы төтенше жағдайлар жөніндегі департамент өкілдері өрт болғанын растады. Өрт сөндірушілер жеткен уақытта көлік басқа автокөліктерден қашықта тұрған.
Мамандар өрттен ешкім зардап шекпегенін хабарлады. Алдын ала мәлімет бойынша, көліктің жануына электр сымдарының тұйықтануы себеп болуы мүмкін.
Бір күн бұрын Шымкентте жол бойында Audi A6 көлігінің қозғалтқыш бөлігі өртенген.
Оның алдында Алматыда Mercedes-Benz Sprinter маркалы автокөлік өртеніп кеткен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2201933-qaragandy-turgyny-basyn-qaterge-tigip-zhanyp-zhatqan-kolikti-qauipsiz-zherge-zhylzhytty-video/