Көлік министрлігі апатқа ұшыраған ұшақта оттегі баллоны жарылды деген ақпаратқа пікір білдірді
Жарияланған күні:
Көлік министрлігі өкілдері Azerbaijan Airlines компаниясының ұшағында оттегі баллонының жарылуы туралы мәлімдемеге түсініктеме берді. Бұл туралы Көлік министрлігінің Telegram-дағы арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ақпаратқа сәйкес, AZAL әуе кемесінде оттегі баллонының жарылуы туралы ақпарат Ростов ұшу жетекшісінен 10.53-те келді.
"Ростов ұшу жетекшісінен сағат 10:53-те түскен хабарламаға сәйкес, Ақтау мұнарасының ұшу жетекшісіне жолаушылар кабинасында оттегі баллоны жарылғаны және жолаушылардың есінен танып жатқаны туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ қону сәтіне жедел жәрдем дайындау сұралды.
Осы ақпарат негізінде барлық төтенше қызметтер шұғыл түрде хабардар етіліп, дайындыққа келтірілді. Оқиғалардың хронологиясы Ростов ұшу жетекшісінің хабарламаларына сүйене отырып, брифинг барысында жарияланды", - делінген хабарда.
Естеріңізге сала кетейік, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға ұшқан ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшыраған болатын. Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған. Оның ішінде 42 Әзербайжан, 15 Ресей, 6 Қазақстан және 3 Қырғызстан азаматы болған.
ІІМ қайғылы оқиға бойынша тергеуді бастады. Ақтау қаласының маңында АZAL әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырау фактісі бойынша Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі, яғни екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әуе көлігінің қозғалысы немесе пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғады. Ұшақ апатының себептерін анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтау маңындағы ұшақ апатын тексеру үшін Қазақстанға үкімет өкілдерін жіберді.
26 желтоқсанда Әзербайжанда ұшақ апатына байланысты аза тұту күні деп жарияланды.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан басшысына көңіл айтты. Сондай-ақ борттағы жолаушылардың толық тізімі жарияланды.
Кейін Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақта болған қазақстандықтардың барлығы қаза тапқаны белгілі болып, олардың тізімі жарияланды.
Алдын ала мәлімет бойынша, ұшақ апатынан 38 адам қаза тапқан.
Сонымен қатар тасымалдаушы компания қаза тапқандардың отбасына қандай өтемақы берілетінін мәлім етті.
Бұл ретте вице-министрі Қанат Бозымбаев тергеу аяқталмайынша, қандай да бір ақпаратты растай да, жоққа да шығара алмайтынын айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2206107-kolik-ministrligi-azal-ushagynda-ottegi-ballony-zharyldy-degen-aqparatqa-pikir-bildirdi/