Ақтау маңында ұшақ апаты: Көлік министрлігі "қара жәшіктерге" қатысты мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Қазақстанның көлік министрлігі Ақтау маңында болған ұшақ апатын тергеу барысында қара жәшіктерден алынған деректерге қатысты жаңа мәлімдеме жасады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Министрлік мәліметінше, алдағы күндері Астанаға апатты тергеу жөніндегі комиссия мүшелері борттық өздігінен жазғыштардан (қара жәшіктерден) алынған материалдармен келмек.
Комиссия мүшелері келген бойда қара жәшіктерден алынған ақпаратты дереу зерделеуге кіріседі. Бұл деректер ұшақ апатының себептерін анықтауда маңызды рөл атқарады.
Бүгін, 7 қаңтар күні Бразилия Ақтау маңында апатқа ұшыраған "Azerbaijan Airlines" әуе компаниясы ұшағының екі қара жәшігін талдауды аяқтағаны белгілі болды.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бет алған ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшырады.
Қазақстан Көлік министрлігі алдын ала ақпаратқа сәйкес ұшақ бортында 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болғанын хабарлады.
Бортта 42 Әзербайжан, 16 РФ, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан азаматы болған.
Көп ұзамай Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақта 38 адам қаза тапқаны белгілі болды. Өкінішке қарай, аман қалғандардың арасында қазақстандықтар жоқ екені хабарланды.
26 желтоқсанда Euronews генттігі Әзербайжан үкіметіндегі дереккөзге сілтеме жасап, Ақтаудағы қайғылы оқиғаға Ресейдің Грозный үстінен ұшырылған зымыраны себеп болғаны туралы ақпарат жариялады.
Кейін Ресей авиациясының басшысы Дмитрий Ядров 25 желтоқсанда Embraer жолаушылар ұшағының Маңғыстауда апатқа ұшырауына қатысты мәлімдеме жасаған еді. Ол Қазақстанға құлаған жолаушы ұшағы Грозный әуежайына "Ковер" режиміне байланысты қона алмағанын, Шешенстан астанасы әуе кеңістігінде мұндай режим Украина шабуылына байланысты енгізілгенін мәлімдеді.
28 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, РФ әуе кеңістігінде болған қайғылы жағдай үшін кешірім сұрады. Сондай-ақ Ресей Тергеу комитеті осы жайт бойынша қылмыстық іс қозғағаны мәлім болды.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Әзербайжан телеарнасына берген сұхбатында Ақтау маңында AZAL ұшағының апатқа ұшырауының бірқатар себебін атады.
Сонымен қатар 30 желтоқсанда Қазақстан Ақтау маңында құлаған ұшақтың "қара жәшігін" Бразилияға жібергені белгілі болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2209040-aqtau-mangynda-ushaq-apaty-qr-kolik-ministrligi-qara-zhashikterge-qatysty-malimdeme-zhasady/