"Жабдықсыз түскен": Алматыда екі жұмысшыға иіс тиіп, олар кәріз құдығына құлап кетті (видео)
Опубликовано:
Алматыдағы "Жетісу" базарында 55 және 44 жастағы екі жұмысшыға кәріз құдығынан шыққан газдан иіс тиген. Салдарынан олар құдықтың ішіне құлап, көз жұмды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.
Телеарна ақпараты бойынша, жұмысшылар қалдық су жиналатын шұңқырды тазалау үшін кәріз құдығына түскен. Бірақ құдықтан шыққан улы газдан иіс тиіп, екеуі де оқиға орнында есінен танып, құдықтан шыға алмай қалған.
Куәгерлердің айтуынша, олар кәріз құдығына арнайы жабдықсыз түскен. Телеарна тілшілері базар басшылығынан жұмысшылар неліктен қауіпсіздік шарасын сақтамаған деген сұрақ қойды, алайда олар жауап берген жоқ.
Құдыққа түсіп кеткен жұмысшыларды "Жетісу" базарының саудагерлері байқаған. Олар ер адамдарды 10 минуттың ішінде кәріз құдығынан алып шыққан. Алғашында жұмысшылардың демі болған, бірақ кейін олар жан тапсырды.
"Өзім бірінші болып көмек көрсеттім. Жедел жәрдем келіп жеткенше екеуінің де жүрегіне массаж жасадым. Артынан үзіліп кетті. Бастықтары "тазала" деп, тазалауға келген. Бірақ қауіпсіздікті сақтамаған, бастықтары да сақтамаған. Ол жерге қандай жағдай болмасын жұмысшының аузына распиратор алып беру керек еді. Тұншығып қалу қаупі бар. Тайып кету қаупі бар. Қауіпсіздік белдігін алып беру керек еді", - деді куәгерлердің бірі.
Телеарна мәліметіне сүйенсек, марқұм ер адамдардың бірі 55-те, екіншісі 44 жаста еді. Жұмысшылардың бірінің артында жұбайы мен 8 баласы қалды. Қазіргі таңда жұмысшылардың бірінің келіншегі тоғызыншы рет аяғы ауыр.
Аталған қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.
"Аталмыш дерек бойынша ҚР ҚК 156-бабы 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Еңбек қорғау тәртібін бұзу дерегі. Түрксіб ауданы ПБ арнайы тергеу тобы құрылды", - деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Сондай-ақ телеарна дерегінше, екі адамның өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу бабына сәйкес жауаптылар 7 жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Дереккөз: КТК
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/accident/2102717-zhabdyqsyz-tusken-almatyda-eki-zhumysshyga-iis-tiip-olar-kariz-qudygyna-qulap-ketti/