"Ағзасының 99 пайызы жарамсыз": Түркістанда 6 айлық сәби хәл үстінде жатыр (видео)
Жарияланған күні:

Түркістанда 6 айлық сәби хәл үстінде жатыр. Өңірлік дәрігерлердің айтуынша, сәби ағзасының 99 пайызы жарамсыз, тек жүрегі соғып тұр. Баланың ата-анасы перзентінің мұндай жағдайға түсуіне дәрігерлерді кінәлап отыр, деп KAZ.NUR.KZ Turkistan TV телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Телеарнаның мәліметінше, Алдияр есімді сәбиді анасы дене қызуы көтерілген соң ауруханаға әкелген. Дәрігерлер баланы тексеріп, менингит деген диагноз қойған. Бірақ бірнеше ем-шараны қатар жасап, сәбидің жағдайын ушықтырып жіберген көрінеді.
"Бізді ішке кіргізбейді, баламызды көруге рұқсат бермейді. Кірейік десек ақша сұрайды, 10-20 мың теңге беріп кіріп жүрміз. Бізге көмек керек. Мына жерде баламыздың диагнозын білмейді. Басқа диагнозбен емдеп, баламызды құртты. Балам 99 пайыз аппаратта жатыр, өмір сүру мүмкіндігі 1 пайыз. Дәрігерлер барлық нәрсеге дайын болыңдар деп отыр", - деді сәбидің әкесі.
Баланың әкесі перзентінің мұндай жағдайға түскеніне дәрігерлерді кінәлап отыр. Дәрігерлер дұрыс диагноз қоя алмай, нәрестені өзге ауруханаға тасып, жағдайды мүлде қиындатып жіберген.
"Градусникті не үшін әкел дегенін түсінбеймін. Ол осы ауруханада табылатын нәрсе. Оны бізге айтпастан, дәрігерлер жасап жүр. Мұны мен анықтамада жаздым. Мен орынбасар болып алып, ондай емес, өтірік деп жасырайын деп жатқан жоқпын. Бізге де жақсы ол, бізде қандай кемшіліктер бар екенін біледі. Олар дұрыс емес екенін мойындап, түсініктеме жазды", - деді Түркістан қалалық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Жанат Букебаева.
Хәл үстінде жатқан сәбидің ата-анасы ұлын осындай жағдайға түсірген мамандардың жазалануын қалайды. Сондай-ақ олар жауапты министрлік Алдиярдың өміріне араша түсіп, бас қаладан білікті дәрігерлер келіп көмек берсе дейді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/accident/2172409-agzasynyng-99-paiyzy-zharamsyz-turkistanda-6-ailyq-sabi-hal-ustinde-zhatyr-video/