Маңғыстау облысында мерзімді әскери қызметтегі сарбаз қаза тапты
Жарияланған күні:
Маңғыстау облысына қарасты Бейнеу полигонында жоспарлы далалық атыс жаттығуларын өткізу кезінде мерзімді қызметтегі әскери қызметші мерт болды, деп хабарлайды ҚР ҚК Құрлық әскерлеріне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға бүгін, 17 ақпанда болған.
"Үстіміздегі жылдың 17 ақпанында Маңғыстау облысына қарасты Бейнеу полигонында жоспарлы далалық атыс жаттығуларын өткізу кезінде Құрлық әскерлері "Батыс" өңірлік қолбасшылығының мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі қаруды пайдалану барысында оқ жарақатын алып, оқиға орнында көз жұмды.
Осы факті бойынша Батыс өңірінің әскери-тергеу органдары қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр", - делінген ресми хабарламада.
Қорғаныс министрінің тапсырмасы бойынша оқиға орнына қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев бастаған комиссия жіберілген.
"Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қолбасшылығы қаза тапқан әскери қызметшінің туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Оның отбасына қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық қажетті көмек көрсетіледі", - делінген хабарламада.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/accident/2344589-manggystau-oblysynda-merzimdi-qyzmettegi-askeri-qyzmetshi-qaza-tapty/