Баланың қазасына қатысты тексеру жүргізілуде: Денсаулық сақтау министрлігі ресми деректерге сүйенуге шақырды
Жарияланған күні:
Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі Қарағандыдағы облыстық клиникалық ауруханасында баланың қайтыс болу жағдайы бойынша ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Денсаулық сақтау министрлігі баланың қайтыс болуына байланысты оның туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтты.
Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, пациент ауру басталғаннан кейінгі екінші тәулікте инфекциялық орталыққа емдеуге жатқызылған. Жағдайының нашарлауына байланысты бала реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне ауыстырылды.
"Тексеру барысында бактериялық, вирустық және саңырауқұлақ текті қоздырғыштар бар аралас инфекция салдарынан баланың аса ауыр жағдайда екені анықталды. Ауру ағымы айқын иммун тапшылығы, сондай-ақ туғаннан бастап вакцинациялаудың болмауы салдарынан асқынған, бұл ағзаның инфекцияға қарсы тұру мүмкіндігін едәуір шектеп, жүргізілген емнің тиімділігін төмендеткен.
Медициналық көмек қолданыстағы клиникалық хаттамаларға сәйкес толық көлемде көрсетілді.
Емдеу тәсілі бірнеше рет республикалық консилиумдардың шеңберінде, салалық мамандардың, соның ішінде штаттан тыс бас балалар инфекционисі, бас балалар пульмонологы, бас балалар реаниматологының қатысуымен қаралды.
Қосымша түрде экстракорпоральдық мембраналық оксигенацияны (ЭКМО) қолдану мүмкіндігі де қарастырылды. Алайда консилиумның қорытындысы бойынша, жағдайдың ауырлығын және медициналық көрсетілімдерді ескере отырып, бұл әдіс ұсынылмады.
Қарқынды терапия жүргізіліп, барлық қажетті шара қабылданғанына қарамастан, баланы аман алып қалу мүмкін болмады", - делінген хабарламада.
Министрлік мұндай жағдайлар медициналық тұрғыдан аса күрделі сипатта болатынына баса назар аударды. Ауыр инфекция, иммун тапшылығы және вакцинациялаудың болмауының үйлесуі ем уақытылы әрі толық көлемде жүргізілгеннің өзінде де қолайсыз нәтижеге әкелу қаупін едәуір арттырады.
Министрлік аталған факт бойынша көрсетілген медициналық көмекті объективті бағалау үшін тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, жан-жақты тексеру жүргізілетінін хабарлады.
"Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін, блогерлерді және қоғамды тек тексерілген әрі ресми ақпарат көздеріне сүйенуге, асығыс қорытынды жасамауға және расталмаған деректерді таратудан бас тартуға шақырамыз", - деп қосты министрлік өкілдері.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз