Фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот процесі онлайн көрсетіледі
Жарияланған күні:
Читать на русском
Фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы онлайн көрсетіледі, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері сот отырысына да қатысады.
Бүгін қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан астаналық фельдшер Ұлдана Мырзуанның ісі бойынша сот процесі басталды.
"Сот талқылауына қоғамның қызығушылығы жоғары болғандықтан, сот процесіне қатысушылардың пікірін және жәбірленуші тараптың өтінішін ескере отырып, сот осы іс бойынша ашық сот отырыстарын онлайн трансляциялау туралы шешім қабылдады", - деп хабарлады Жоғарғы сот.
Сот процесінің онлайн трансляциясын Жоғарғы соттың YouTube-тегі арнасынан көруге болады.
Сондай-ақ істі қарау алдында сотқа қатысушылар БАҚ өкілдерінің сотқа қатысу мәселесін көтерді. Судья журналистерге істің барысын жариялауға рұқсат берді.
Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбетінен сыртқы кірпіш қаптамасы мен кондиционер құлап, адамдар зардап шеккен еді.
Кейін оқиға орнында жедел жәрдем фельдшері де жарақат алғаны белгілі болды. Ол зардап шеккен ер адамды үйінді астынан шығарып алмақ болған кезде, басына 9-қабаттан кондиционер құлаған.
Өкінішке қарай, 18 қарашада фельдшер көз жұмды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев марқұм Ұлдана Мырзуанды "Ерлігі үшін" медалімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды. Зардап шегушінің бас сүйегіне трепанация жасалды.
Ал биыл шілденің соңында марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Ешанкулова бұрынғы күйеуі екінші рет үйленіп жатқанын естіп, қазақстандықтарға үндеу жасады.
Көп ұзамай Ұлдананың бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел мен оның анасы қоғам сынына жауап берді. Зейнел қылмыстық іс бойынша жәбірленуші мәртебесінен бас тартпайтынын мәлімдеді. Ол "істі соңына дейін жеткізіп, әділдікке қол жеткізгісі" келетінін айтқан.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/accident/2414372-feldsher-uldana-myrzuannyng-olimine-qatysty-sot-protsesi-onlain-korsetiledi/
