Шымкентте үй алмақ болған тұрғын 7 млн теңгеге жуық ақшасынан айырылып қалды
Опубликовано:
Шымкентте үй аламын деген тұрғын 7 млн теңгеге жуық қаражатынан айырылып қалды, деп хабарлайды Polisia.kz. ақпараттық медиапорталы.
Басылым ұсынған мәліметтерге сәйкес, 22 қаңтарда әл-Фараби аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған.
Арызында тұрғын танысы Шымкент қаласынан "мемлекеттік бағдарлама бойынша екі айдың ішінде пәтер алып беремін" деп алдын ала 6 млн 650 мың теңге ақшасын иемденіп алғанын айтқан.
Полиция қызметкерлері аталған деректі Қылмыстық кодекстің 190-бабы 1-бөлігі ("Алаяқтық") бойынша тіркеп, күдіктінің жеке басын анықтау мақсатында барлық қажетті шараларды қабылдап, жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізген.
Нәтижесінде күдікті азаматша қала аумағында ұсталған. Ол Шымкент қаласының 63 жастағы тұрғыны, зейнеткер болып шыққан.
Оның бұған дейін мұнай саласында жұмыс істегені анықталған. Сондай-ақ бұрын алаяқтық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылып, істі болғаны белгілі болған.
Басылымның жазуынша, қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр, оған қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2007447-symkentte-ui-almaq-bolgan-turgyn-7-mln-tengege-zuyq-aqsasynan-aiyrylyp-qaldy/