Қызылорда облысында 543 млн теңге жымқырды деген күдікпен білім бөлімінің басшысы ұсталды
Жарияланған күні:

Антикор Қызылорда білім беру саласында миллиондаған жымқыру фактісін анықтады, деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Telegram-дағы ресми арнасында.
Қызылорда облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі, 2-тармағы бойынша Жаңақорған аудандық Білім бөлімінің басшысы мен бухгалтеріне қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр.
"Олар білім беру мекемелерінің қызметкерлері болып саналмайтын тұлғалардың есеп-шоттарына еңбекақы түріндегі ақшалай қаражатты аудару арқылы 543 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырды деп күдікке ілінген. Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының санкциясымен күдіктілер қамауға алынды", - делінген хабарламада.
Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Сонымен қатар Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және қылмыстық-прцестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрқайсысы кінәсіз деп есептеледі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2017182-qyzylorda-oblysynda-543-mln-tenge-zymqyrdy-degen-kudikpen-bilim-basqarmasynyn-bassysy-ustaldy/