"Ақшасы, телефоны жоқ, денесі табылды": Алматы облысында мал бағуға кеткен мүгедек адам кісі қолынан қаза болды
Жарияланған күні:

Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Қарақыстақ ауылында мал бағуға шыққан 39 жастағы мүгедек ер адамды пышақтап, өлтіріп кеткен. Оның өліміне күдікті ретінде ауылдың 18 жастағы тұрғыны ұсталған. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Телеарна мәліметінше, марқұмның туыстары 39 жастағы ер адамды ақша үшін өлтірген болуы мүмкін деп санайды. Өйткені ол ұлының сүндет тойына қаражат жинап жүрген екен.
Туыстарының сөзінше, мал бағуға кетіп қайта оралмаған 39 жастағы ер адамның жүрек тұсына екі рет пышақ жарақаты салынған.
"Каспий қосымшасындағы ақшасын алып кетіпті. Балама той жасаймын, пұл жиып жүрмін деген еді. Ана балалар біресе қарыз, біресе тағы бірдеңе сұрайды екен. Бірге жүрген балалар ғой деп, ештеңе ойламадық. Сөйтіп жүрсек, ақшасы жоқ, телефоны жоқ болып, денесі табылды", - дейді марқұмның анасы Жақыпбек Күлияқызы.
Телеарна дерегінше, қайтыс болаған ер адам туғаннан екінші топтағы мүгедек, бір аяғы мен қолы істемейді. Ел-жұрттың малын бағып, отбасын, кәмелетке толмаған бес баласын асырап жүрген.
Телерна мәліметінше, бұл іске қатысты күдікті ретінде 2004 жылғы ауыл тұрғыны ұсталған. Оған қатысты "Адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
"Аталған дерек ҚР ҚК 99-бабы, 1-бөлігі бойынша аудандық полицияда тіркелді. Жедел іздестіру іс-шарасы барысында ізін суытпай, 2004 жылғы күдікті анықталып, ұсталды. Қазір сот медициналық сараптама тағайындау мен барлық тергеу шарасы жүргізіліп жатыр. Ұсталған адам аудандық полицияның уақытша ұстау изоляторына қамалды", - дейді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сайділдин.
Ал марқұмның ағайын-туысы тергеудің әділ жүріп, ақша үшін бес баланы жартылай жетім қалдырған адамның қатаң жазаға тартылуын талап етіп отыр.
Дереккөз: КТК арнасы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2024662-aqsasy-telefony-zoq-oligi-tabyldy-almaty-oblysynda-mal-baguga-ketken-mugedek-adamdy-ksi-qolynan-qaza-boldy/