"22 адамнан тұрады": Шымкентте экстремистік ұйым анықталды
Жарияланған күні:

ҰҚК-нің Шымкент қаласы бойынша департаменті қала прокуратурасымен бірге 22 адамнан тұратын "Хизб-ут-Тахрир" радикал-экстремистік ұйымын анықтады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Шымкент қалалық прокуратурасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қадағалау органының ресми сайтында хабарланғандай, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында ағымдағы жылдың Рамазан айында ауызашар өткізу сылтауымен радикалды экстремистік ұйымның жергілікті жақтастарының санын көбейту және үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін діни жиындар өткізгені анықталды.
Тінту барысыда Қазақстан Республикасында тыйым салынған 7 діни кітап, діни мазмұндағы 10-нан астам қолжазба және мәтіндік парақшалар, 6 ұялы телефон мен 4 ноутбук тәркіленді.
Аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 256-бабынының 1-бөлігімен және ҚР ҚК-нің 259-бабының 1-бөлігімен тергеп-тексеру амалдары басталды.
"Шымкент қаласының прокуратурасы елдің конституциялық құрылысын бұзу мақсатында радикалды экстремистік ұйымдарға кіруге үгіт-насихат немесе шақыру үшін қылмыстық жауаптылық қарастырылғанын ескертеді.
ҚР ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес басқа ақпарат жариялануға жатпайды", - деп хабарлады ведомство өкілдері.
ҚР ҚК 256-бабының 1-бөлігіне сәйкес терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру, сол сияқты аталған мазмұндағы материалдарды тарату немесе тарату мақсатында дайындау, сақтау мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатынын еске саламыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2137998-22-adamnan-turady-shymkentte-ekstremistik-uiym-anyqtaldy/