Түркістан облысында қылмыс деңгейі төмендеп келеді
Жарияланған күні:

Түркістан облысы полиция департаментінің басшысы Мұрат Қабденов аппарат пен облысқа қарасты аудандық, қалалық полиция басшыларының жұмысын пысықтап, облыста қылмыс деңгейі төмендегенін анықтады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.
Жедел кеңесте 2024 жылдың 6 айында тәртіп сақшыларымен атқарылған жұмыстың нәтижелері қаралды. Департамент бастығының орынбасарлары өздеріне бекітілген құрылым бойынша баяндамалар жасап, есеп берді.
Статистикаға сүйенер болсақ, Түркістан облысында осы жылдың 6 айында 2551 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, өткен жылдың есептік мерзімімен салыстырғанда 2,3 пайызға төмендеді. Оның ішінде қылмыс саны 7,9 пайызға азайған.
Жалпы, ұрлық қылмысының тіркелімі 516-дан 330-ға азайған. Пәтер ұрлығы қылмысының тіркелімі 47,5 пайызға азайған. Мал ұрлығының тіркелімі 95-тен 50-ге төмендеді. Тонау қылмысы 31 пайызға төмендесе, бұзақылық қылмысы 26,4 пайызға қысқарды.
Жиын соңында Мұрат Қабденов жеке құрамға балалар қауіпсіздігі, алаяқтық қылмысы мен жол көлік оқиғаларының алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ 15 бағыт бойынша нұсқаулар беріп, жыл соңына дейін оң нәтижеге жетуге бағыттады. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тұрғындар тыныштығын сақтауда жұмысты жандандыруға шақырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2141409-turkistan-oblysynda-qylmys-denggeii-tomendep-keledi/