Марқұм Нүкенованың ағасы Қуандық Бишімбаевтан материалдық және моральдық шығынын өндіріп алды
Жарияланған күні:

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында Айтбек Амангелдінің Қуандық Бишімбаевтан материалдық және моральдық шығын өндіру туралы талабы қаралды. Бұл туралы Жоғарғы сот Telegram-дағы арнасында хабарлады.
Жоғарғы сот ақпаратынша, талаптар талап қоюшының қарындасын өлтіргені үшін жауапкер кінәлі деп танылған заңды күшіне енген айыптау үкіміне уәжделген.
Ағасы қайғылы оқиға салдарынан моральдық азап шеккенін, денсаулығының нашарлағанын және қайғылы оқиғаға байланысты еңбекке қабілеттілігін жоғалтқанын көрсеткен.
Марқұмның ата-анасы талап қоюшының пайдасына өндіруден бас тартқан.
Талап қоюда қылмыстық іс аясында заң қызметтеріне төлеуге кеткен шығындар да талап етілді.
ҚПК-нің 166-бабының 3-бөлігіне сәйкес, азаматтық талап қылмыстық сот ісін жүргізу кезінде қараусыз қалдырылған жағдайда, талап азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қойылуы мүмкін.
Сот парасаттылық пен әділдік қағидаттарын негізге алып, жақын туысының қайтыс болуы сөзсіз талап қоюшының моральдық жағдайына кері әсерін тигізіп, оның жеке мүліктік емес құқықтарын бұзғанын ескере отырып, талап қоюды ішінара қанағаттандырды.
Жауапкерден қылмыстық іс бойынша келтірілген 6 877 672 теңге материалдық шығын мен 10 млн теңге моральдық зиян өндірілді.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2166418-astanada-kinali-tulgadan-6-mln-877-myng-tengge-moraldyq-ziian-ondirildi/