Оралда мектеп мұғалімін өлтірді деген ер адам 12 жылға бас бостандығынан айырылды
Жарияланған күні:

Оралда мектеп мұғалімін өлтірді деген күдікті 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал марқұмның туыстары мұнымен келіспейтінін, берілген жазаның жеңіл екенін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Astana арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Телеарнаның хабарлауынша, сот кезінде айыпталушы мен марқұм әйелдің төрт жылдан бері таныс екені мәлім болды. Ол мұғалімнің компьютерін жөндеу үшін үйіне келген.
Іс материалына сәйкес, екеуі сөзге келіп, ер адам қорғансыз әйелді буындырып өлтірген. Сондай-ақ бірнеше рет пышақтаған. Сосын қылмысын жасыру үшін марқұмның алтын бұйымдары мен бағалы заттарын жымқырған. Тергеу кезінде айыпталушының үйінен қару-жарақ пен оқ табылған.
"Сот С.-ны жасаған қылмысы үшін кінәлі деп танып, 12 жылға үкім кесті. Қылмыстық істі тергеу кезінде табылған айғақ заттар жойылсын. Айыпталушыға адам өлтіруден бөлек, ұрлық жасағаны және қару-жарақты заңсыз сақтағаны үшін айып тағылып, кінәсі дәлелденді", - деді БҚО мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының судьясы Асыланбек Дүйсенғалиев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2166568-oralda-mektep-mugalimin-oltirdi-degen-er-adam-12-zhylga-bas-bostandygynan-aiyryldy/