Қарағандыда арыстанның екі күшігін сатпақ болған зообақ қызметкерлері жазаланды
Жарияланған күні:

Қарағандыда екі арыстанның күшігін ұрлап, сатуға әрекеттенген қалалық хайуанаттар бағының қызметкерлеріне 3 жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ облыстық сотқа сілтеме жасап хабарлайды.
Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотында зообақ қызметкерлеріне қатысты арыстанның екі күшігін ұрлау және заңсыз сатуға оқталу фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды.
Тергеу мәліметі бойынша, қызметкерлер адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы ірі мөлшерде жасалған бөтеннің мүлкін жасырын жымқырғаны (Қылмыстық кодекстің 24-3- бабы – 188-бабы 3-бөлігі 1- тармағы) және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда қызмет бабын пайдалана отырып жасалған Қазақстан Республикасының халықаралық шарттармен реттелетін жануарлар түрін заңсыз өткізуге оқталғаны үшін (Қылмыстық кодекстің 24-3- бабы – 339-бабы 2-бөлігі 2,3,4- тармақтары) айыпталды.
"2023 жылы жазғы уақытта қызметкерлер Қарағанды қаласынынң зообақ жұмыскерлері бола тұра, адамдар тобымен өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, арыстанның төлдерін жымқыруға және заңсыз сатуға оқталған. Арыстандарды сату барысында зообақ жұмыскерлерін полиция қызметкерлері ұстаған. Сотталушылардың кінәсі куәлардың жауабымен, айғақ заттармен, ЖТӘ-нің нәтижесімен және басқа дәлелдемелермен расталды", делінген сот хабарламасында.
Сот үкімімен зообақ қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 24 бабының 3- бөлігі, 339-бабының 2-бөлігінің 2,3,4- тармақтарымен кінәлі деп танылып, оларға түпкілікті 3 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.
Сондай-ақ оларға жабайы жануарлармен байланысты қызметпен айналысу құқығынан 2 (екі) жыл мерзімге айыру түріндегі қосымша жаза тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2166966-qaragandyda-arystannyng-eki-kushigin-satpaq-bolgan-zoobaq-qyzmetkerleri-zhazalandy/