Түркістан облысының тұрғыны желідегі видеосы үшін 400 000 теңге моральдық шығын өтейтін болды
Жарияланған күні:

Түркістан облысының тұрғыны TikTok желісіне жариялаған видеосын өшіріп, 400 000 теңге моральдық шығын өтеуге міндеттелді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ облыстық соттың Facebook-тегі парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ордабасы аудандық сотында талап қоюшы Д-ның жауапкер Ә-дан ар-намысты, қадiр-қасиетті және iскерлiк беделдi қорғау мен моральдық шығынды өндіру туралы азаматтық іс қаралған.
Істі мәні бойынша қараған судья-медиатор Ж.Үсен сот отырысын жүргізу барысында медиация келісімінің артықшылықтарын түсіндірді. Нәтижесінде тараптар келісімге келіп, оны соттан бекітіп беруді сұрады.
"Медиациялық келісімге сай, талап қоюшы өз талап қоюынан бас тартады, ал жауапкер талап қоюды мойындап, "Ш..." - деп TikTok әлеуметтік желісінде орналастырылған бейнежазбаны осы келісім қол қойылған сәттен жоюды, өз еркімен 400 000 тг болатын моральдық шығынды 2026 жылғы 25 мамырға дейін ай сайын бөліп төлеу арқылы өтеуге міндеттенеді", - делінген сот хабарламасында.
Аталған медиациялық келісім бекітіліп іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды және төленген мемлекеттік баж кері қайтарылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2172468-turkistan-oblysynyng-turgyny-zhelidegi-videosy-ushin-400-000-tengge-moraldyq-shygyn-oteitin-boldy/