"Курьер болып көп ақша табу туралы күмәнді ұсыныстардан аулақ болыңыз": прокуратура үндеу жасады
Жарияланған күні:

Прокуратура курьер болып табыс табу туралы күмәнді ұсыныстарды қабылдамауға шақырады. Бұл туралы ведомствоның Telegram-дағы арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Егер сіз жұмыс іздеп курьер (бөлшектеуші, таратушы, кладмен, трафаретші) ретінде жоғары ақы төленетін жұмысқа ұсыныс алсаңыз, ойланыңыз. Өйткені аталған жарнама есірткі бизнесіне тартуды жасырын көздеуі мүмкін. Жалған табыс туралы хабарландырулардағы сөздер алаңдатуы қажет. Бұл есірткі сатушылардың айласы", - делінген ескертуде.
Осылайша ведомство өкілдері алданып қалған 20 және 22 жастағы екі қыздың оқиғасын мысал ретінде келтірді. "Оңай ақша" табуға шешім қабылдап, интернетте ақша табудың оңай жолын тапқан қыздар қылмыстық жоспарға сәйкес, кураторлардың көрсеткен мекенжайлары бойынша психотроптық заттар мен олардың аналогтарын алып, оларды бөлшектеп орап, таратқан.
"Сотталушылардың жалға алған тұрғылықты пәтерден өлшеп оралған 50 грамнан астам мефедрон тәркіленді. Сотталушылардың соттағы соңғы сөздері: "Құрметті сот, мен қатты өкінемін, бұл оңай ақша болды, өкінішке қарай, мен мұны өте кеш түсіндім", - деп келтіреді прокуратура өкілдері сотталған қыздардың соңғы сөзін.
Сот үкімімен сотталушылардың әрқайсысы 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2175104-kurer-bolyp-tabys-tabu-turaly-kumandi-usynystardan-aulaq-bolyngyz-prokuratura-undeu-zhasady/