Оқыс оқиға

Зектілері

Ұрлық және бопсалау: ІІМ өкілдері Қарағанды облысында алты қылмыстық топ ұсталғанын хабарлады (видео)

Жарияланған күні:

Қарағанды облысындағы арнайы операция
Қарағанды облысындағы арнайы операция. Фото: ІІМ

Қарағанды ​​облысында алты қылмыстық топ құрықталды. Жергілікті полицейлер олардың аса ауыр қылмыстарға қатысы бар екенін мәлімдеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ішкі істер министрлігінің Polisia.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

ІІМ мәліметінше, бопсалаудың 40-тан астам фактісі анықталып, жолы кесілген.

"15 қазанда Шахтинск қаласында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы жастар тобын ұстады. Оның құрамына аралас жекпе-жек жаттықтырушысы кірген. Олар жергілікті тұрғындарды, сондай-ақ Qarmet АҚ қызметкерлерін бопсалаған", - делінген полиция ақпаратында.

Бұған дейін Теміртау, Саран, Абай қалаларында ауыр қылмыстарға, сонымен қатар Qarmet АҚ объектілерінен тауарлық-материалдық құндылықтарды ұрлауға және кәсіпорын қызметкерлерін бопсалауға қатысы бар басқа да қылмыстық топтардың қатысушылары ұсталған болатын.

"Осы фактілер бойынша ішкі істер органдарына барлығы 100-ден астам күдікті жеткізілді, олардың 39-ы қамауға алынды. 150-ге жуық тінту шаралары жүргізілді. Қару-жарақ пен оқ-дәрілер, сондай-ақ басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді.

Ауыр қылмыстардың 16 эпизоды бойынша үш қылмыстық іс сотқа жіберілді. Криминалдық топтардың жолын кесу нәтижесінде өңірде 30-дан астам атыс және травматикалық қару, оқ-дәрілер тәркіленді. Өңірлерде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасуда", - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті өкілі Қуандық Алпыс.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2175738-urlyq-zhane-bopsalau-iim-okilderi-qaragandy-oblysynda-alty-qylmystyq-ustalganyn-habarlady/