Оқыс оқиға

Зектілері

Депутат Тұрлыхановтың ұлына қатысты сот процесі жарты сағатқа жетпей аяқталды

Жарияланған күні:

Нұрасыл Болат. Фото
Нұрасыл Болат. Фото: instagram.com/pro.pravo.kz

Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болатқа қатысты сот отырысы 21 қазанға шегерілді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Сот отырысында қорғаушы тарап болған жоқ. Нұрасыл Болат Құсайынов қорғаушысы осы процеске қатыса алмайтындығына байланысты сотты басқа күнге кейінге қалдыруды сұрады.

Прокурор сот отырысын адвокатсыз өткізу сотталушының құқықтарын бұзу болып есептелетінін атап өтті.

"Құрметті судья, мен бұл өтінішті қолдаймын, өйткені сотталушының адвокатынсыз сот отырысын өткізу – оның құқықтарының бұзылуы", - деп атап өтті прокурор.

Осыған байланысты сот отырысы 21 қазанға сағат 15:00-ге ауыстырылды.

Нұрасыл Болат ісі

Айта кетейік, бұған дейін заңгер Анна Чернова мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы әскери бөлімнен қашып кеткенін хабарлаған еді. Кейін Қорғаныс министрлігі полиция жігітті тауып, қызмет орнына жеткізілгенін мәлімдеді.

Анна Чернова Тұрлыхановтың ұлына қатысты қозғалған істе жәбірленушінің бірі болып саналады.

Биыл ақпан айында Анна Чернова (Димитриевич) күйеуі екеуі қызды ұрып жатқан жас жігітті тоқтатпақ болғанда өздері соққыға жығылғанын мәлімдеген.

Кейін адвокаттар өздеріне шабуыл жасаған белгілі спортшы, қазіргі депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы екенін білген.

Сол кезде Алматы полиция департаменті бұл факт Қылмыстық кодекстің 293-бабы – "Бұзақылық" бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелгенін, күдікті әскери адам болғандықтан, іс материалдары қалалық прокуратураға берілгенін хабарлаған болатын.

Сондай-ақ оқиғаға қатысты Дәулет Тұрлыханов та пікір білдіріп, ұлының кінәсі дәлелденсе, заңға сәйкес жауап беретінін мәлімдеген еді.

Бұдан бөлек, оқиғаға қатысты Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев пікір білдіріп, іс бойынша шешімді сот шығаратынын, күдікті заңда белгіленген тәртіппен жазасын алатынын атап өткен болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2176067-deputat-turlyhanovtyng-ulyna-qatysty-sot-protsesi-zharty-sagatqa-zhetpei-aiaqtaldy/