Оқыс оқиға

Зектілері

Ақтөбеде оқушылар мен колледж студенттері арасында болған жанжалдан екі жасөспірім пышақ жарақатын алды

Жарияланған күні:

Пышақ ұстаған жігіт
Пышақ ұстаған ер адам. Көрнекі фото: NUR.KZ

Ақтөбеде мектеп ауласында футбол ойнап жүрген жоғары сынып оқушылары пышақ жарақатын алды. Ата-аналар тергеудің созылып кеткеніне алаңдаулы. Оқиғаға қатысты облыстық білім басқармасы мен полиция департаменті өкілдері түсінік берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Оқиға 2 қазан күні Ақтөбе қаласындағы мектептердің бірінің ауласындағы футбол алаңында болды. Оқиғаның болғанына 20 күнге жуықтаса да "күдіктілердің бәрі ұсталмады" деп алаңдаған ата-аналар жанайқайын жеткізді. Айтуынша, кешкілік ҰБТ дайындығынан шыққан 11-сынып оқушылары мектеп ауласында 10-сынып оқушыларымен футбол ойнап жүрген, сол уақытта сырттан келген колледж студенттері оқушыларға тиіскен.

"2 қазанда кешкі сағат 19:30 бен 20:00 арасында балаларымыз мектеп ауласында футбол ойнап жүрген. Футбол алаңында 10-11 сынып оқушылары болған. Сол жерге олар танымайтын басқа жасөспірімдер келген. Бұлар алғашында бір топ баланың қашып бара жатқанын, оның артынан тағы бір топтың қуып бара жатқанын көргенін айтады. Қашқандарды ұстай алмағандар біздің балаларымызға келіп ұрынған. "Кімсіңдер" деп тиіскен. Біздің балалар "осы мектептің оқушыларымыз" деген екен, олар өздерін "шалқарлықпыз" деп таныстырған. Сол жерде бір баланы шақырып алып, оған тиіскен, пышақ көрсеткен. Пышақты жақындатып қорқытқанда бұл бала итеріп жіберген. Сол кезде артқы жағынан басқа балалар келіп, теуіп құлатқан. Сол жерде құтқаруға жүгіріп келген менің баламның жамбасына пышақ сұққан. Үлкен қанжар пышақ. Үш күн ауруханаға жатып шықты. Балам осы уақытқа дейін емделді. Кейін білдік, олар мектептің қасындағы колледж студенттері екен. Мектептің бейнебақылау камерасына түскен. Екі баланы пышақтап, тағы бір баланы соққыға жыққан. Ойнап жатқан балаларға ұрынып, жаппай төбелес жасағандардың бәрі жауапқа тартылуы керек", - деді жәбірленуші оқушының анасы.

Ата-аналар тергеу ісінің созылып кеткеніне, күдіктілердің қамауға алынбағанына алаңдаулы. Баласын сабаққа жіберуге қорқып отырған ата-аналар әділдік сұрайды. Тағы бір жәбірленуші баланың анасы оқиғаның қалай болғанын айтып, күдіктілердің толық жазаға тартылуын сұрап отыр.

"Балам мектептің 11-сыныбында оқиды. Баламның айтуынша, бірін бірі қуып бара жатқан топты бұлар ойындарын тоқтатып, қызықтап қараған. Олар жүгіріп кеткен соң әрі қарай ойнаған. Кейін балалар қайтып келіп, алаңның сыртында тұрып бұларды балағаттаған. Менің балам сол жерде "дұрыс сөйлейік" деген. Сол кезде олар футбол алаңының ішіне кіріп "жаңағы сөйлеп тұрған кім" деп баламның қасына келген көрінеді. 3-4 бала қоршап, жеке шығарып алады. Бұлар "футбол ойнап жатырмыз, жөндеріңе кетіңдер" дегенде олар қорқытып, баламның ішіне пышақ тақайды. Бірнеше бала жабылған. Басына секірген. Пышақ сермеп қорқытқан. Топ баланың арасында үш бала қалып қойған. Сол күні жедел жәрдеммен ауруханаға түстік. Жабық бас ми жарақатын алып, жағынан жарақат алған. Балам әлі толық жазылған жоқ. Біздің алаңдайтынымыз - күдіктілер әлі толық ұсталған жоқ. Колледж мектепке тиіп тұр. Біз қорқамыз. Олар қайта қорқытуы мүмкін. Қай жерден күтіп алып, тиіседі деп қорқамыз. Тергеу амалдары жай жүріп жатыр. Әлі беттестіру болмады. Біз кінәлілердің бәрі жауапқа тартылуын сұраймыз. Неге балалар қорқынышта жүру керек, балалар үшін қорқамыз", - деді тағы бір жарақат алған оқушының анасы.

Үшінші оқушының екі жерінен пышақ сұғылған. Анасының айтуынша, бір топ студент пышақ тақап "құлағыңды кесемін" деп қорқытқан.

“Менің де балам осы мектепте оқиды. Менің баламды жабылып ұрған, бөкседен үш жерден пышақ сұққан. "Пышақпен құлағыңды кесемін" деп қорқытқан. Балам құлағын жауып жатқан. Көзінің тұсынан теуіп, кетіп қалған... Қансырап жолдың арғы бетіндегі дүкеннен көмек сұраған. Полиция, 103 қызметін шақырған. Жарасын тігіп ота жасады. Біз алаңдап отырмыз", - деді пышақ жарақатын алған оқушының анасы.

Ақтөбе облыстық білім басқармасындағылар оқиғаның болғанын, оқушыларға студенттердің тиіскенін растап отыр.

"2 қазан сағат 20.00 шамасында орта мектеп-лицейінің футбол алаңында ойнап жүрген оқушыларға бір топ жасөспірім келіп соқтығысқан. Соқтығысу салдарынан күдікті топ кәмелетке толмаған екі жасөспірімге пышақ, біреуіне дене жарақатын салды.

Жарақат салған күдікті топ - колледж студенттері екені анықталып, қазіргі таңда оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Жәбірленуші білім алушылардың жағдайлары бірқалыпты. Қазіргі таңда оқуларын жалғастырып жатыр", - деп хабарлайды Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

Ал облыстық ПД баспасөз қызметі өкілдері оқиғаға қатысты тергеу амалдарының жүріп жатқанын хабарлады. Екі күдікті қамауға алынды.

"Ақтөбе қаласында футбол ойнап жатқан жастар мен сол жерден өтіп бара жатқан жігіттер арасында жанжал туындап, салдарынан екі жас бала жамбас аймағынан пышақ жарақатын алып, медициналық мекемеге жүгінді. Оқиғаға қатысушылар анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Бұзақылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Екі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды", - делінген хабарламада.

ПД өкілдері өзге ақпарат Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейтінін айтты.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2176733-aqtobede-oqushylar-men-kolledzh-studentteri-arasynda-bolgan-zhanzhaldan-eki-zhasospirim-pyshaq-zharaqatyn-aldy/