Шымкентте сотталып кеткен есепшінің кесірінен 80-ге жуық мұғалім зардап шеккен
Жарияланған күні:

Шымкентте ақша жымқырғаны үшін сотталып кеткен есепшінің құйтырқы әрекетінен 80-ге жуық мұғалім зардап шеккен. Есепші бірнеше жыл бойы ұстаздарға артық ақша аударып, кейін оны өзі кері қайтарып алып отырған. Енді ұстаздар алмаған миллиондаған ақшаны мемлекетке қайтаруға мәжбүр, деп KAZ.NUR.KZ Qazaqstan TV телеарнасының сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Мектеп мұғалімдерінің бірі Әйгерім Досалиеваның есепшотына екі жылдың ішінде есепші 28 мыңнан бастап 200 мың теңгеге дейін 5 рет артық ақша аударған. Артынша "қателесіп кетіппін" деген желеумен қаржыны қолма-қол әкеп беруін өтініпті. Есепшінің әрекетінен күдіктенген мұғалім әр жолы артық ақшаны банк есепшоты арқылы кері аударып отырған. Қолында оны дәлелдейтін чегі де, электронды дерегі де бар.
"Бастапқыда 56 мың деген. Енді миллионнан аса болып тұр. Мен оны алған жоқпын. Не үшін беруім керек? Біз оны бердік қой. Бухгалтердің өзінің счетына аударып бердік. Қолма-қол да бердік", - дейді мұғалім.
Есепшінің осындай әккі тірлігіне Әйгерім секілді 78 мұғалім іліккен. Ұстаздардың арызынан соң білім басқармасы ішкі аудит тексерісін жүргізіп, нәтижесіде 21 миллион 600 мың теңге ақша мұғалімдерге артық берілгенін анықтаған.
"Енді ол бойынша құзырлы органдарға хат жаздық. тексеріп, анықтау жұмысын жүргізіп беру туралы. Олар анықтап құжаттарымен береді. Әрі қарай сотқа өткізу мәселесі болса оны қараймыз", - деді Қалалық білім басқармасы мемлекеттік құқық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дәурен Қайым.
Ұстаздарды сан соқтырған бас есепші биыл 2 миллион теңгемен істі болып, сотталып кетті. Ал бухгалтериядағы өзге былықтар енді әшкере болып жатыр. Соның салдарынан мектеп ұжымы тамыз айындағы жалақыларының жартысын ғана алған. Одан бөлек мектептің салық алдындағы берешегін өтеуге де артық қаржы болмай тұр.
"Қосымша қаржы сұрап отырмыз. Екі айдың салығы бар, соның бәрір қосқанда 10 миллион ақша қажет болып тұр. Қараша айының айлығында тамызда алғандардың 50 пайызын төлеп береміз деп отырмыз", - дейді мектептің бас есепшісі Ләззат Сатаева,
Мектеп басшысы қазір денсаулығына байланысты уақытша демалысқа кеткен. Оның орнындағылар қаржылық құйтырықылыққа басы шатылған ұстаздарға қараша айының ортасына дейін артық аударылған ақшаларды қайтарып беруін бұйырыпты. Мұғалімдерге енді есепшімен сыбайлас емес екенін дәлелдеу үшін сотқа жүгінуден өзге амал қалмай тұр.
Еске салайық, Шымкенттегі орта мектептердің бірінің бас есепшісі мемлекет қаражатын жымқырғаны үшін 2 жылға сотталғанын жазғанбыз. Ол 2,6 млн теңге ақшаны иемденіп, мемлекетке залал келтірген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2177697-shymkentte-sottalyp-ketken-esepshining-kesirinen-80-ge-zhuyq-mugalim-zardap-shekken/