Шымкентте 15 млн теңгеден астам ақша жымқырған балабақша есепшісі сотталды
Жарияланған күні:

Шымкенттегі бөбекжай балабақшаларының бірінің есепшісі 15 миллион теңгеден астам мемлекет қаржысын жымқырғаны үшін 2 жылға сотталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ қалалық соттың Facebook-тегі парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында сотталушы Т.-ға қатысты қылмыстық іс қаралған. Ол ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша айыпталған.
Т. Шымкенттегі бөбекжай балабақшаларының бірінің есепшісі қызметін атқарып жүріп, коммуналдық және өзге төлемдерді жасау барысында ақшаны артығымен есептеп, артық соманы өзінің шотына аударып, жалпы сомасы 15 миллион теңгеден астам ақшаны иемденіп алып, мемлекетке аса ірі мөлшерде залал келтірілген.
Сотталушының тағылған айып бойынша кінәсі іс бойынша жинақталған құжаттармен дәлелденді. Сондай-ақ сотталушы кінәсін мойындап, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.
"Жаза тағайындау барысында сот сотталушының қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлар ретінде істеген іс-әрекетіне шынайы өкініш білдіруін, келтірген залалды толық өтеуін, асырауында жасөспірім бес баласы болуын таныды, ауырлататын мән-жайлар жоқ.
Т. ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып ҚК-нің 55-бабының 4,6-бөліктері негізінде 2 (екі) жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - делінген сот хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енбеді.
Еске салайық, Шымкентте тағы бір балабақша есепшісі 5 млн теңге жымқырғаны үшін бас бостандығынан айырылған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2178053-shymkentte-15-mln-tenggeden-astam-aqsha-zhymqyrgan-balabaqsha-esepshisi-sottaldy/