Оқыс оқиға

Зектілері

Жолаушы көз жұмған: Шымкентте автобус жүргізушісін ұрып жіберген азамат сотталды

Жарияланған күні:

Жұдырық
Жұдырық. Көрнекі фото: pixabay.com

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында адам өліміне әкеп соққан бұзақылық фактісіне қатысты қылмыстық іс қаралды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Шымкент соттарының Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Сот мәліметіне сүйенсек, күдікті Қылмыстық кодекстің 293-бабы 1-бөлігі (Бұзақылық жасау), 351-бабы 2-бөлігі (Көлiктiң қауiпсiз жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн қағидаларды бұзу, абайсызда адам өліміне әкеліп соғу) бойынша айыпталған.

Сотталушы 2024 жылдың тамыз айында Шымкент қаласында қоғамдық көлікте масаң күйде автобус жүргізушісінің бетіне соққы жасаған. Салдарынан автобус жүргізушісі тежегішті басып, көлік құралы кенеттен тоқтаған. Осы кезде автобустың шығу бөлігінде тұрған жолаушы абайсызда алған дене жарақаттары салдарынан қайтыс болған.

Сотталушының кінәсі өзінің, автобус жүргізушісінің және жолаушылардың жауаптары, оқиға орнын қарап-тексеру нәтижесі, заттай дәлелдемелер және сараптама қорытындысы арқылы толық дәлелденеді.

"Прокурор сотталушыны Қылмыстық кодекстің 351-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын және Қылмыстық кодекстің 293-бабы 1-бөлігі бойынша тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық істі қысқартуды сұрады. Жәбірленушілер сотталушыға кешірім бергенін және қатаң жаза тағайындамауды сұрады", - делінген сот хабарламасында.

Сот сотталушының қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәсін толық мойындағанын, істеген іс-әрекетіне шынайы өкініш білдіргенін және ауырлататын мән-жайлар ретінде масаң күйінде қылмыстық құқық бұзушылықты жасағанын ескерді.

Осылайша, сот күдіктіні Қылмыстық кодекстің 351-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығын айыру жазасын тағайындады. Ал 293-бабы 1-бөлігі бойынша тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2181345-adam-olimine-akep-soqqan-shymkentte-avtobus-zhurgizushisin-uryp-zhibergen-azamat-sottaldy/