Шымкентте бұрынғы сыныптастардың кездесуі өліммен аяқталды
Жарияланған күні:

Шымкентте бұрынғы сыныптастар караоке-клубта кездесіп, төбелесіп қалған. Салдарынан олардың бірі қайтыс болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ қалалық ҚІМАС үкіміне сілтеме жасап.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кісі өлтіргені үшін (Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі) кінәлі деп танылған 37 жастағы ер адамға үкім шығарды.
Оқиға осы жылдың 7 мамырында таңғы сағат 6 шамасында Шымкенттегі караоке-клубтардың бірінде болған. Тергеу мәліметіне сүйенсек, караокедегі екі үстелде жігіттер демалып, ішімдік ішкен. Екі топтың арасында бұрынғы сыныптастар бар болып шыққан.
Алайда олардың кездесуі жақсылыққа апармаған. Таңға жуық бұрынғы сыныптастардың арасында кикілжің туып, жарты сағаттық дауға ұласқан.
Сот олардың бірі мейрамхана үстелінен пышақ алып, екіншісінің кеуде тұсына ауыр жарақат салғанын анықтады. Төбелесті караоке күзетшісі тоқтатпақ болған.
Дегенмен жарақат алған азамат басқа пышақты алып, күзетшіге бой бермей, қарсыласының кеуде тұсына, мойны мен басына бірнеше жарақат салған.
Жәбірленуші жарақат салдарынан қансырамаған. Ол есін біліп, үстелге отырған. Ал медицина қызметкерлері келгенде еденге құлап, қайтыс болған.
Дәрігерле бірден марқұмның өлімін тіркеді. Ал сотталушы жасырынбай, полиция келгенде кінәсін мойындады.
Сотта ол бұрынғы сыныптасын өлтіргісі келмегенін, пышақпен өзінен физикалық тұрғыда мықты қарсыласынан қорыққаны үшін ұрғанын айтқан. Марқұмның анасы айыпталушыны кешірді.
Шымкент қалалық ҚІМАС сотталушыны 8 жылға бас бостандығынан айырды. Тараптардың бірінші сатыдағы сот шешіміне шағымдануға әлі уақыты бар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2189475-shymkentte-buryngy-synyptastardyng-kezdesui-olimmen-aiaqtaldy/