Оқыс оқиға

Зектілері

"АҚШ-тан жеткізген": Астананың екі тұрғыны есірткі таратқаны үшін бас бостандығынан айырылды

Жарияланған күні:

Қолына кісен салынған адам
Қолына кісен салынған адам. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Астананың екі тұрғыны есірткі құралдарын таратқаны үшін 8 және 18 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомствоның Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, агенттіктің елордалық департаменті АҚШ-тан есірткі және психотроптық заттарды халық тұтынатын тауарлары бар пошта сәлемдемелері түрінде аса ірі мөлшерде жеткізу фактісін әшкерелеген.

"Қызметтік-іздестіру итін қолдана отырып, тексеру жүргізу кезінде кедендік бақылау аймағындағы уақытша сақтау қоймасында жалпы салмағы шамамен 1 кг болатын "гашиш" есірткі заты табылып, тәркіленді.

Сонымен қатар сотқа дейінгі тергеу барысында жүргізілген мониторинг нәтижелері "Қазпошта" АҚ қалалық филиалдарының бірінде сол алушылардың атына тағы бір сәлемдеменің бар екенін көрсетті.

Сәлемдемеде жалпы салмағы 7 грамнан асатын күшті психотропты зат –тетрагидроканнабинол және оның изомерлері табылды", - делінген хабарламада.

Айыпталушылардың бірінің пәтерін тінту кезінде есірткі құралдары, сондай-ақ орауыш материалдар мен таразы табылған.

Сот шешімімен істің екі қатысушысы кінәлі деп танылып, 8 және 18 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Олар жазасын қауіпсіздігі орташа колонияда өтейді.

Агенттік мәліметінше, жыл басынан бері есірткі контрабандасы және заңсыз айналымы фактілері бойынша 116 қылмыстық іс тіркелген. 57,3 кг есірткі тәркіленді.

Сонымен қатар 1,7 кг психотроптық заттар, анаболиктер (улы зат) – 206 мың дана және "Тропикамид" көз тамшылары – 1 680 дана тәркіленді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2191802-aqsh-tan-zhetkizgen-astananyng-eki-turgyny-esirtki-taratqany-ushin-bas-bostandygynan-aiyryldy/