Шымкентте колледж студенттері директордың орынбасарын TikTok-тағы пікір үшін ұрып-соқты деп айыптады
Жарияланған күні:

Шымкенттегі колледждердің бірінде даулы жағдай болды: екі студент колледж директорының тәрбие жөніндегі орынбасарын TikTok-тағы пікірге бола ұрып-соқты деп айыптады. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлайды.
Телеарна ақпаратынша, зардап шеккендердің бірі миы шайқалып ауруханада жатыр. Жігіттердің айтуынша, мәселе TikTok-та меңгеруші жариялаған видеоға жазылған пікірден басталған.
Олардың сөзінше, директор орынбасарына пікір ұнамай, оны жазған студенттер "әңгімелесуге" шақырылған. Жастардың айтуынша, оларды колледждің жертөлесіне апарып, дене шынықтыру пәні мұғалімдері мен жоғары курс студенттерінің көзінше ұрып-соққан.
"Бетімізден де, денемізден де аямай ұрды, құлаған кезде аяқпен де тепкіледі. Ағайдан таяқ жеп жатқан кезде үлкен курстың студенттері қарап тұрды, ал сол жерде болған дене шынықтыру пәнінің мұғалімдерінің біразынан шапалақ та жедік. Негізінен соққыны Қазыбек ағайдан алдық, ұрып жатқан кезде ол кісі "егер арызданатын болсаңдар, көміп тастаймын" деді", - деді жәбірленушілердің бірі.
Алайда директордың орынбасары өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған.
Соққыға жығылған студенттердің ата-анасы ұлдарын оқу орнынан шығарып алған. Олар полицияға арыз жазып, прокуратура істі бақылауына алса деген өтінішін айтқан.
Ал колледж басшылығы жала жабу дерегімен "біз де арызданамыз" деп мәлімдеген.
Дереккөз: КТК
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2192331-shymkentte-kolledzh-studentteri-zavuchty-tiktok-tagy-pikir-ushin-uryp-soqty-dep-aiyptady/